28 нау, 2019 сағат 08:31

Прокуратура Қызылордадағы тікұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғады

ҚР Бас әскери прокуратурасы Қызылорда облысында тікұшақ апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бас әскери прокуратура қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын қадағалап отыр. Осы орайда түрлі сарапталамалар, қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы ҚР Бас прокурорының жеке бақылауында екенін атап өткен жөн. Тергеу амалдары әуе сапары ережесін бұзу бабы бойынша жүргізіліп жатыр», - деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Еске сала кетсек, кеше кешке Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі белгісіз себептермен құлап, түгі қалмай жанып кеткен. Әскери тікұшақтың бортында 13 адам болды, олардың барлығы қаза тапты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.