22 мау, 2017 сағат 12:56

ОҚО-да үш жылда 500-дей елдімекенге көгілдір отын жеткізіледі

Оңтүстікте  биыл 57 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Нәтижесінде облыстағы газдандырылған елді мекендер саны 357-ге жетеді деп күтілуде. Осы  мақсатқа облыстық бюджеттен 14,1 млрд теңге жұмсалатын болады. Бұл туралы Қызылжар газ тарату стансасының жұмысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.  

«Соңғы жылдары облыста 7 автоматты газ тарату станцияларының құрылысы  жүргізілді. Құрылыстың жалпы құны - 22,2 млрд. теңге. Оның үшеуі жуырда пайдалануға беріледі. Олар Кентау, Ордабасы, Арыс аудандарындағы газ тарату бекеттері.  Ауылдардағы ішкі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң іске қосылуға дайын тұрған станция Ордабасы, Отырар аудандарын толығымен газбен қамтамасыз етуге жұмыс жасайтын болады. Осы бекеттерді іске қоссақ, облыстағы солтүстік аудандарды газбен қамту мүмкіндігі ашылады»,-деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, былтыр облыста 25 елді мекенді газға қосу жұмыстары жүргізілген. Бұл мақсатқа 13,7 млрд.тенге бағытталған болатын.  Биыл 70 елді мекенге  газ құбырлары тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облыста 844  елді мекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Яғни бұл өңірдің 1 755 307 тұрғыны көгілдір отынға  қол жеткізіп отыр.

Облыстың елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленді.  Жоспарға сәйкес 2020 жылға қосымша 383  елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. 2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке немесе 2 млн. 720 мың  тұрғынға жеткізу межеленуде.   

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы облысымызда  Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асқан «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралды газ құбыры бойынан  7 автоматтандырылған газ реттеуші станцияларының құрылыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда 4-і (Түркістан қ., Иқан е.м., Сайрам ауд., Бәйдібек ауд.,) пайдалануға берілсе, қалған 3-ін (Кентау қ., Отырар ауд., Ордабасы ауд.,) ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған.