17 қаз, 2016 сағат 12:29

Назарбаевтың еш жерде жарияланбаған суреті табылды

"Ақтөбе Таймс" басылымының журналистері Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін еш жерде жарияланбаған суретін тауып алды.

Сурет Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы марқұм Үкетай Байжомартовта сақталыпты. Көп жылдар бұрын Байжомартов Хельсинкидегі жастар мен студенттер форумына қатысқан, оған болашақ президент те барған екен. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының шетелге тұңғыш шыққан кезі делінеді.

Делегаттардың мәскеулік "Юность" қонақүйінің вестибюлінде, фестиваль пойызында болғаны, кейін теплоходпен Хельсинкиге жеткені белгілі. Бұл туралы киноқұжаттар сақталыпты.

«Соған қарағанда, бұл суреттер фестиваль пойызының алдында түсірілген», - дейді журналист, «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің жетекшісі Мұрат Бүлдекбаев.

«Мынау ескерткіш суретте Үкетай Байжомартовты, оның қасында Әбсаттар Бүлдекбаевты, олардың алдында еліміздің болашақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевты көріп отырмыз»,- деп жазады басылым.