26 сәу, 2017 сағат 16:03

Назарбаев жатып ішер жалқауларға өз кеңесін берді

Адам өз өмірін қолына алуы қажет. Бұл өмірде тегін ештеңе болмайды. Себебі, біз нарықтық экономикалық жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бұл туралы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХV cессиясында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өз тәжірибеме сүйеніп айтайын. Әрекетсіздік ешбір азаматқа дәулет әкелмейтіндігін білесіздер. Жалқаулық туралы айтып тұрмын. Адам өз өмірін қолына алуы қажет. Мұны батыс (елдері – автор) жақсы жолға қойған», - деді ол.

Кейін Елбасы Кеңес қоғамында азаматтың қалай тәрбиеленгендігін сынға алды.

«Ал бізді жатып ішер жалқаулыққа үйретті. Яғни дүниеге келдің, тіркелдің, ержеттің. Егер жағдай болса, «балабақшаға барасың, кейін октябрьшы, пионер, комсомолшы, соңында мектепті тәмамдайсың» деді. Университетке түсесің, түспесең кәсіби техникалық білім аласың. Кейін саған жұмыс, мемлекеттен үй беріледі. Бірақ ол үйден сен ешқайда көше алмайсың. Ал колхозшыларға тіпті паспорт та берілмейтін. Табытқа дейін осылай өмір сүресің. Кейін сені жерлейді. Болды. Ештеңе істеудің қажеті жоқ. Яғни өмірге келгеніңнен бастап өлгенге дейінгі аралықтың барлығы алдын ала жоспарланып қойды. Қазір ондай жоқ. Сондықтан біз дамыған жоқпыз. Яғни әрбір адамның өз өмірін құруға, өзі және балалары үшін қолайлы жағдай жасауға еркіндік берілген жоқ», - деді Елбасы.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы өз кеңесін берді.

«Өз өміріңді қолға алу дегеніміз не? Егер өмір сүргің келсе, жаңа қасиеттерге ие бол. Алдымен өзіңді өзгерт. Үкімет, әкімдік сондай дегеннің орнына өзіңнен «мемлекеттің дамуы үшін не істедім?» деп сұра. Мемлекет барлығын істеп жатыр. Ауылда жұмыс жоқ. Алайда саған «қалаға бар, тегін білім берейік. Кейін жұмысқа орналастырайық» дедік. Ал егер ауылда тұрғың келсе, микро кредит ал. Бау-бақшаға егін ек. Мал өсір. Сауда сат. Өмір сүр. Басқа не керек?! Біз өз балаларымызға өмірдегі көптеген жағдай өзімізге байланысты екендігін айтуымыз керек. Тегін ештеңе болмайды. Біз нарықтық экономикалық жағдайда өмір сүріп жатырмыз», - деп түйіндеді ойын Президент.

Дәурен ЕРБОЛАТ