30 мам, 2017 сағат 14:59

Назарбаев ӘМСЖ-ны қаржыландыруға 80 миллион доллар қарыз алу туралы заңға қол қойды

Қазақстан Президенті Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз алу туралы келісімді ратификациялайтын заңға қол қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы) ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген Ақорданың сайтында.

Айта кетейік, осыған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің Қазақстанға әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын қаржыландыруға 80 миллион доллар сомасында қарыз беретінін баяндаған болатын. Қарызды өтеу мерзімі - 15 жыл, оған бес жылдық жеңілдік мерзімі қосылады.