#
#
Жексенбі 29/03/2020

Мухаммад әл-Жинди: Жат ағымның жетегінде кетудің бір себебі – білімсіздік

  • 20.02.2020
  • 0
  • 573

Қазақстанда діни білім беретін бірден-бір оқу орны Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад әл-Жиндидің осы қызметке тағайындалғанына да бірнеше жыл болды. Бұл уақыт аралығында шетелдік маман қазақ еліне келгендегі мақсатын қалай жүзеге асырып жатыр, дін саласындағы мамандарды даярлауда өзінің тәжірибесін қаншалықты сіңіріп жатыр деген сауалдардың туындайтыны анық.

«Ұлт» порталы аталған университеттің ректоры, белгілі дін маманымен сұхбаттасып, маңызды сауалдарға жауап алды.

– Ректор мырза, университет басшылығына қандай мақсат-жоспарларды жүзеге асыру үшін келдіңіз? Негізгі мақсаттарыңызды орындау жолында қадам жасала бастады ма?

– Әуелі барлықтарыңызға аманшылық тілей отырып сөзімді бастайын. Әрине, мақсат-жоспар өте көп. Біріншіден, университеттің оқыту жүйесін жетілдіріп, ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарын одан әрі қарай дамыту. Нұр-Мүбарак университетінің тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі орталық Азия үшін ислами университет ретінде маңызы ерекше екендігі ақиқат. Сондықтан білім ошағы Қазақстан және орта Азия елдері үшін «дұрыс» исламды үйретіп қана қоймай, қоғамға ислам дінінің бейбіт өмір сүруді, өзара келісімде болуды, өзгелерді жақсы көруді, басқалармен түзу қарым-қатынас орнатуды насихаттайтынын түсіндіреді. Осы міндеттерді алға қоя отырып, шамамыз келгенше білім беру үрдісін «дұрыс» исламды үйретуге негіздедік. Біз студенттерімізге Исламның не екендігін, діннің өзегі, яки тамыры қайда жатқанын ұқтырып, көп маңызды мәселені көкейлеріне құюды мақсат тұттық.

Екіншіден, студенттерге өздерінің өмір сүріп жатқан қоғамын, әлемін танып-білуіне қолдан келгенше жағдай жасап, оларды мұсылмандық мәдениетке сәйкес елін-жерін жақсы көретін ұлтжанды, үлгілі, ұлтына, дініне қарамастан өзге жұртпен жақсы мәміле жасайтын маман дайындау - мызғымас мақсаттың бірі.

Жасалған қадамдар турасында айтар болсақ, мен ең алғаш келген 2018-2019 оқу жылынан бастап бакалавр, магистратура және докторантура бойынша білім беру тәсілдерін жетілдіре бастадық. Ендеше, алдағы уақытта студенттердің деңгейі одан әрі жоғарылап, университетіміздің де рейтингі көтеріледі деп үміттенеміз және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу біздің басты міндетіміз болып қала береді. Университет ұжымының осы мақсаттарға қол жеткізуге қабілеті мен шамасы келетіндігіне толық сенем.

–  Орта Азия мен Қазақстан ақидада - Матуриди, фиқһта - Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатыны белгілі. Ал аталған оқу орнында, білім беру барысында қазақ халқында қалыптасқан дәстүрлі діни бағыт, ұлттық, тілдік әрі мәдени һәм тағы да басқа ерекшеліктер қаншалықты ескеріледі?

– Дұрыс айтасыз, Орта Азия мен Қазақстанда ақидада - Матуриди, фиқһта - Әбу Ханифа мазхабы екендігі баршаға аян. Әрине, Ханафи мазхабының негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифаның басқа мазхаб имамдары алдында орны ерекше екендігіне талас жоқ. Осы мазхабтың ерекшеліктерінің бірі - сонау ерте заманнан осы күнімізге дейінгі көптеген шариғи мәселелердің шешімін тауып бергендігі. Ханафи мазхабы діни мәтіндердегі дәлелдермен бірге логикалық дәлелдерге де ерекше орын береді. Соның арқасында көптеген заманауи мәселелерге тұшымды пәтуәлар да шығарылып жатқаны белгілі.

Біздің елде Ханафи мазхабы ерекше орынға ие. Неге десеңіз, бізде отбасы құқығы, азаматтық құқық, сауда-саттық сияқты көптеген шариғи мәселелерде осы ханафи мазхабының көзқарастары бойынша пәтуә, үкім берілген. Қазақстанға еңбек келісімшарты бойынша келген араб ұстаздары үшін қойылатын ең бірінші талапта осы ханафи мазхабының жолын ұстануы һәм оны жетік меңгерген, зерттеген болуы керек.

Ханафи мазхабы дегенде тек тар мағынадағы ғибадат мәселелері деп түсінбеген жөн. Себебі, көпшілікте Ислам, мазхаб дегенде намаз оқу, дұға жасау, ас беру сияқты түсініктер ғана қалыптасқан. Жоқ, олай емес! Дін немесе мазхабтың негізгі мақсаты – адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсы бір жүйеге келтіру және бірлік пен бейбітшілікті орнату.

– Мамандарды даярлауда студенттерді шетелге жіберу немесе шетелдік студенттерді осы университетке тарту жұмыстары қалай жүреді?

– Мен университет ректоры ретінде осында оқып жатқан студенттер тек Қазақстан азаматтары емес екендігін айта кеткім келеді. Дегенмен де басым көпшілігі - әрине осы елдің азаматтары. Онымен қоса, аз да болса көршілес елдерден келген студенттерде бар. Мәселен, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Түркіменстаннан келген студентер және т.б. 2019-2020 оқу жылында бірнеше студент Африка елдерінен келді. Әрине, олар қазіргі таңда Нұр-Мүбарак университетіне қарасты дайындық курстарында қазақ, араб тілдірін үйренуде.

Біздің студенттеріміз де академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бірнеше шетелдік әріптес университеттерде білімдерін жетілдіруде. Сол сияқты докторантура бөлімінде білім алушылар шетелдік оқу орындары мен ғалымдардан тағылымдамадан өтіп отырады. Алдағы уақытта басқа да университеттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде студенттер жібереміз деген үміттеміз.

–  Университет негізінен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үшін кадр дайындайтындықтан мүфтиятпен байланыстарыңыз қандай? Дін саласында қызмет ететін мамандардың деңгейін қалай бағалайсыз?

– Университет түлектерінің басым көпшілігі ҚМДБ-ға кадр ретінде баратындығы белгілі. Сондықтан университет пен діни басқарма арасындағы байланыс өте жақсы. ҚМДБ-да қызметте жүрген имамдар, мешіт қызметкерлерінің көпшілігі - Нұр-Мүбарак түлектері. Дін саласында қызмет ететін мамандардың қазіргі деңгейі айтарлықтай жақсарып қалғандығын көп естідім. Жалпы өзім деп байқап жүрмін, сондықтан діни мамандардың білімі мен біліктілігін жақсы деңгейде деп бағалаған болар едім. Әрине, алдағы уақытта дін мамандарының білім көрсеткішінің бұдан да жоғары деңгейге жетуі үшін университет ұжымы аянбай еңбек ететін болады.

– Нұр-Мүбарак университетін бітірген мамандар діни саладан бөлек жерлерде қызмет ете ала ма? Олардың болашақтары қалай құрылады?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, бітіруші түлектердің басым бөлігі діни салада қызмет ететіндігі белгілі. Осыған орай, халықтың түсінігінде Нұр-Мүбарак университеті тек имамдарды ғана дайындайды деген қате пікір қалыптасқан. Университеттің білім беру үрдісі жетілу үстінде. Биылдан бастап бізде исламтану мамандығын ағылшын тілінде оқытатын арнайы топ ашылды. Алдағы уақытта исламтанудың магистратура бөлімінде «Ислам экономикасы» бағытын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл, өз кезегінде, басқа да қызметтерге жол ашатын болады.

– Кейбір мұсылман елдерде қыз балаға басқаша көзқарас қалыптасқан. Мәселен, жұмыс істетпеу, білім бермеу сияқты... бұған көзқарасыңыз қандай?

– Бұл дұрыс емес ақпарат деп санаймын. Мен өзім көрген Мысыр, Ливия, Сирия, Марокко, Алжир және басқа да мұсылман елдерінде әйелдерге ерекше құрметпен қарайтындығын сенімді түрде айта аламын. Оларға білім алуға, жұмыс істеуге рұқсат береді. Мәселе әйел немесе еркек болуда емес, мәселе белгілі бір қызметке қайсысы лайықты, қабілетті, икемді екендігінде. Екеуінің қайсысы қабілетті болса, сол қызметке алынады. Менің ойымша, ислами өлшем осы болып табылады. Құранда «Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде пәк әрі жақсы өмір сыйлаймыз» деп айтып өткен. Ислам діні әлеуметтік, экономикалық, технологиялық басқа да салалар жағынан мықты, дамыған қоғам, өркениетті ел құруға шақырады. Әрине, бұлардың барлығы - білім алу, еңбек ету арқылы орнайтындығы жасырын емес. Сондықтан Ислам дінінде әйел адамның орны ерекше, оларға тең дәрежеде қарым-қатынас жасалған. Бәлкім, ертеректе әйел адамды төмен санау пікірі болған шығар. Бірақ, қазіргі уақытта ондай емес. Тіптен, көптеген конституция мәтінінде еркек пен әйел арасындағы теңдік хақында, яки кез-келген азамат жынысына қарамастан тең құқылы екендігі жазылған.

Мен өз басым Мысырдың 2014 жылғы конситуциясына түзетулер енгізу бойынша комиссия мүшесі ретінде қатыстым. Оның бір тармағы былай делінген: «Заң алдында азаматтар (еркек болсын әйел болсын) жынысына, тіліне, дініне қарамастан тең болып табылады». Сондықтан менің жеке бас пікірім - қай уақытта да, еркек болсын, әйел болсын, кім лайықты болса, сол қызметке алынуы керек.

–  Қазақстандағы діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Қазақстандағы діни ахуалға келер болсақ, ең әуелі Қазақстанда осындай ислами университеттің болуының өзі көп сұрақтың жауабы болып табылады. Бұны дінге деген жанашырлық деп түсінемін. Осында Әл-Азхар университетінен келген жиырмаға жуық профессор-оқытушы қызмет етуде. Білетін болсаңыздар, Әл-Азхар университеті әлем бойынша Ислами университеттер арасында бірінші орында тұрады.

Жалпы Қазақстандағы діни ахуалға жақсы деген баға берер едім. Дегенмен де әлі де болса, бұдан да жақсы дәрежеге көтеріледі деген сенімдемін. Себебі бұл топырақтан кезінде Сығанақи, Тарази, Әл-Фараби сияқты небір ғалым-ғұламалар шыққан. Бұл жерлер - кезінде мәдениет пен өркениеттің қайнар көзі болған жерлер. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында «Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі» ұйымдастырылып, дүниенің түкпір-түкпірінен келген дін өкілдері бас қосады. Онда өзекті мәселелер шешімін тауып, ұсыныстар қаралады. Бұл да болса үлкен бір жетістік деп санаймын.

– Егер мүмкіндік болса, жат ағымның жетегінде кеткен азаматтармен жұмыс істеудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз? Олармен қалай жұмыс істеген дұрыс?

Бірінші сұрағыңызға жауап беретін болсам, жат ағымда жүргендерге ең әуелі Ислам дегеннің не екендігін толық түсіндірер ем. Ислам сөзінің мағынасының өзі «бейбітшілік, амандық» дегенді білдіреді. Сол сияқты Құранда Алла тағала пайғамбарына қарата: «Біз сені әлемге мейірім тарату үшін жібердік» деген болатын. Сондықтан оларға Исламның көп құпия тұсын ұғындыру қажет. Жат ағым жетегінде кеткен азаматтар - дәл сіз бен біз сияқты адамдар. Оларды жақсы бір діни маман жөнге салып жіберсе, райларынан қайтар еді.

Екінші сұрағыңызға келер болсам, нәтижелі жұмыс істеудің ең жақсы жолы - олармен ұзақ диалогта болу. Ұзақ уақыт сөйлесе отырып, олардың ішкі дүниелеріне, яки тереңде жатқан сезім-сенімдеріне әсер ету керек. Оларға мазхабпен жүрудің артықшылықтары мен ерекшеліктерін діни маман ғана түсіндіру керек. Жат ағымның жетегінде кетудің бір себебі де - білімсіздік. Сондықтан оларды оқыта отырып, дұрыс жолға бағыттау керек.

Әңгімелескен Ақбота МҰСАБЕК

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар