20 қыр, 2017 сағат 09:23

Мексикада жойқын зілзаладан қаза тапқандардың саны 200-ден асты (Видео)

Мексикада сейсенбі күні жергілікті уақытпен 13:14 кезінде болған күшті жер сілкінісінен опат болғандар саны 200 адамнан асты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" НТВ арнасына сілтеме жасап. Зілзала құрбандарының саны тағы көбеюі мүмкін.

АҚШ геология қызметінің хабарлауынша, 7,1 магнитудалы жер сілкінісінің эпицентрі ел астанасы Мехикодан шамамен 120 шақырым қашықтықта, Пуэбла штатындағы Атенсинго қаласына жақын маңда, жердің 51 километр терең қабатында болған.

Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, табиғи апаттан Мехико, Пуэбла және Морелос штаттары зардап шеккен. Мехикода, Пуэблада ондаған үй қираған. 3 миллионнан астам тұрғын электр қуатынан ажырап қалған. Жер сілкінісінен зардап шеккен бірнеше штатта мектептер, Мехико қаласының әуежайы жабылған.

Апат салдарынан ғимараттар құлап, адамдар зардап шеккен аудандарда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қирандылар астында адамдар қалып қойған болуы мүмкін деген болжам бар.

АҚШ президенті Дональд Трамп зілзалаға байланысты көңіл айтқан.

"Мехико тұрғындарын Құдай жарылқасын. Біз сіздермен біргеміз және жәрдем танытамыз", - деп жазған ол Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Сәрсенбі күні таңертең Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мексикадағы жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар екені жайлы мәлімет түспегені туралы хабарлады.