#
#
Сенбі 24/08/2019

Маман байдың қызы Халида

  • 22.01.2018
  • 0
  • 3555

Халида Есенғұлқызы Маманова (1918-1977) – Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, білікті дәрігер, екінші дүниежүзілік соғыста айыптылар ротасына барып, одан аман шығып, бес майданның бас гинекологы дәрежесіне дейін жоғарылаған. Докторлық диссертациясын қорғауға, шетелдерге шығуға, Алматыда қызмет істеуге  кедергілер болғандықтан, Ақтөбеге кетуге мәжбүр болған. 1977 жылы шілде айында Болгарияда демалыста жүргенінде,  белгісіз жағдайда қаза тапқан. Еңбегі жанбай кеткен қазақтың қайсар Халидасының тағдыры жөнінде оның ұлы, Шығыс медицинасы дәрігері  - Медет  Еженұлы Маманов әңгімеледі.

- Халида Есенғұлованы «Халық қаһарманы» атағына ұсынып келесіз. Алайда ол кісі туралы дерек аз.

- Көкем от пен судан өтіп, сатқындықтың құрбаны болған адам. Былтыр бар құжатты дайындап, оған «Халық қаһарманы» атағына ұсындық. бірақ үнсіздік. Биыл қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні  КГБ «осведомителі», ұлтшыл қазақтарды қудалаған Әжмағи. Смағұловтың мүсіні Ақтөбе медицина институтының кіреберісіне қойылды.  Бірақ ол институт қабырғасында  студенттердің қазақша сөйлеуіне тыйым салып, ұлтшыл оқытушыларды қудалаған  ректор.

2018 жылдың 24 наурызында Халида Есенғұлқызының туғанына 100 жыл толады. Өкініштісі, бүгінде ақтөбеліктер оның талантты дәрігер, соғыстың барлық қасіретінен өткен адам екенін ұмытты. Егерде ол басқа елде өмірге келгенде, төбесіне көтеретін еді.

- Жетісуға танымал Маман байдың немересі – Халида Есенғұлқызы Ақтөбеге қалай келді?

- Ол менің әкемнің туған апайы, Баласы болмаған соң әке-шешем  мені жеті жасымда Алматыдан жіберді. Халида Есенғұлқызына Алматыда жұмыс істеуіне  кедергілер қойылған. Әкем Ежен –Абай атындағы Опера және балет театрының әншісі. Жас кезінде кене шағып, мүгедек болып қалған, бірақ дауысы жоғалмаған. Үлкен ағасы –Ибрагим  соғыс жылдарында қазақ мектебі үшін оқулықтар жазған.

Халида көкем, менің әкем, Ибрагим ағаның әкесі – Есенғұл қажы қазақтың алғашқы меценаттарының бірі. Жалпы, 1928-1932 жылдары Маман әулетінің 15 адамын атып тастады, 35 отбасының дүние-мүлкін, малын тартып алып Сібір мен Қиыр Шығысқа айдап жіберді.  Есенғұл Мамановтың отбасы 3 жылға Пермь қаласына жер аударылды. Осы жақта  Есенғұл атам екі ұлынан айрылды. Үлкені Смағұл каторганың ауыр жұмысында жүріп,  Халида көкемнен кейінгі  кіші баласы  –Жажас қатты  науқастанып қайтыс болды.  Үш жыл жер аудару мерзімі аяқталып, отбасы елге қайтып келе жатқанда,  ауыр жұмыстан әбден титықтап, туберкулез жұқтырған  Есенғұл атамыз  Орынборда өліп,  қаланың шетіндегі мұсылмандар қорымына  жерленген.  Сол кездің анықтамасымен  Орынборға барып, атам жерленген орынды таба алмадым.  Тегістелген мұсылмандардың қалың қорымы  орнында бүгінде  облыстық аурухана тұр.

-Маман әулеті Жетісуда Қытаймен сауда керуендерін жүргізіп, кедендік бекеттер орналастырып,  оған қоса  Қапалда  медреселер желісін ашып, бір сөзбен айтқанда, сол өңірдегі сауда капитализмінің дамуына ықпал еткен әулет. Неден басталды?

- Маман әулеті  ел ішінен балалар жинап, оларды өздері ашқан медреселерге оқытып, үздік бітіргендерді  Ресейдің жоғары оқу орындарына жіберіп отырған.  Шетке оқуға кеткен балаларға жылына 300 сом орыс ақшасымен стипендия төлеген.  «Мамания» мектебінде Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Дүйсетай Бекежанов, Жәкен Қалиұлы, Оңалсын Жұмабеков, Мұхтар Арын, Қажымхан Мәсімов оқыған.

Әулетіміздің мықты педагогикалық  тарихына  Шоқан Уәлихановтың ықпалы зор болды. Шоқан  Жоңғарияға өту үшін Черняев полкімен Жетісуға келгенде,  менің аталарымның ауылына аялдаған. Бұл- Ақсу ауданы, Қарағаш деген жер, Әбдірасидың ауылына. Сол жолы  Маманның үш ұлы –Тұрысбек, Есенғұл, Әбдіраси  үшеуі 30 мың сом шығарып, медресе салған,  құжаттарын әзірлеп, рұқсат алуға Уфаға жіберген. Мектеп осылай ашылған. Бұл жағдайдардың бәрін  Тәнеке батыр өте мұқият  бақылап отырған. Шоқанның өсиеті  жергілікті қазақтарға арналған заманауи мектеп ашу болатын.  Тәнеке батыр Шоқан Уәлихановты қолдайды. Сөйтіп, Қапалда жаңадан ашылған  мектеп-медресе арғы атамыз Маманның есімімен аталды. Жетісу  губернаторы  Тұрысбек Мамановты болыстыққа  тағайындады. Тұрысбек қажы орыс императоры қолынан  граф атағы мен оған қоса алтын медалін алды, 1903 жылы өмірден өтті.

1913 жылы Санкт-Петербургте өткен Романовтардың 300 жылдық салтанатына Құдайберген Тұрысбекұлы қатысқан. Құдайберген алтын медаль мен граф атағын Есенғұлға тапсырса да, бүгінде сол құжаттары қолымызға түспей отыр.  Мәскеуге сұрау салдық, онда жоқ болып шықты. Санкт-Петербургтен  патша мұрағатынан іздеу керек дейді.

Әулетіміздің  патша заманындағы құжаттары 1928 жылы кәмпескеде қолды болды.  Ендігі ұміттеніп отырғаным –құжат  дубликаттары,  Санкт-Петербургте патша мұрағатында сақталуы  мүмкін, бірақ оған әзір қолымыз жетпеді. Есенғұл атамның 4 әйелі болған, төртінші әйелі –біздің  Махтуха әжеміз. Ол –Халида көкемнің, менің әкемнің шешесі,  1958 жылы қайтыс болған, мен 1959 жылы  дүниеге келдім.  Әжеміз күнде таңертең ыстық нан пісіріп, әр баласы үшін арнайы дайындалған шабаданға салып  қояды екен.  Кешкісін алып тастайды, өле-өлгенше осы әдетінен жаңылмаған. Күнде  айдауды күтіп отырып, өмірден өтті.

- Шоқан Уәлихановтың Маман әулетімен қандай байланысы бар?

- Қапалда Тәнеке батыр Черняев отрядына қарсы  күреске шықты. Күш тең болмай, адамы өлген ауыл Балқашқа қарай шегінеді. Шоқанның араласуымен орыс императорына хат жазылып,  Ақсу-Қапал бойын қайтаруды  сұрайды. Императордан келген хат негізінде қазіргі Қапал -Арасан санаторийі  тұрған жерді Жетісу губернаторы сатып алатын болды. Ақсақалдар жерді бірігіп игереміз дейді.  Верный бұл кезде салынған жоқ. Жергілікті қазақтар  тұрғын үй, жол құрылысына белсене араласты. Ақыры Қапал-Арасанда  Маман балалары орыс көпестері, татар саудагерлерімен бірігіп,  екі мешіт, бір орыс  шіркеуін,  қазақ балаларына  арналған медресе,  «Якоби» татар әйелдері мектебін, орыс мектебін  тұрғызды. Маман балалары Қытаймен арадағы сауданы жандандырды,  Қапалдан Шәуешекке, одан әрі Үрімшіге баратын керуен жолын салды. Осы жолдың бойында кедендік бекеттер салынып, оны Маман балалары бақылауға алды.  Аталарымыз банктен несие алып, қаржыны  кәсіпке салып айналдырып отырған.

Халида Есенғұлқызының анкетасында  орыс, неміс, латын тілдерін, КСРО халықтарының тілдерінен қазақ, татар, өзбек тілдерін және  мұсылман тілдерін өте жетік меңгергені жазылған.

- Халида Есенғұлқызы  соғыста айыптылар ротасына қалай тап болды?

-Айдау мерзімі  өткесін олар отбасындағы  үш азаматынан  айрылып, Алматыға келді. Қапалға қайтып оралған жоқ. Тігіншілікпен күн көрген. Есенғұлдың балаларына Алматыда қалуға рұқсат етілмеген соң  көкем 1934 жылы  Семей  педучилищесінде ашылған фармацевтика факультетіне  оқуға түсті. Бай тұқымы екенін жасырып, комсомолға өткен. Алайда 1935 жылы  учиищені бітірейін деп жатқанда, Маман немересі екенін білген  оқу орнының басшылығы оқудан шығарады. Бұл кезде Маман әулетінің балаларына жоғары оқу орындарында оқуға рұқсат етілмеді. Жалпы, Қазақ ССР-і Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Маман әулетін 53 жыл бойы  бақылауда ұстады.

Ақыры Алматыға келіп, рабфакқа қабылданды. Осы жылдары Алматы медицина институты ашылып,  1937 жылы 1 курсына  түсті. 1941 жыл – осы оқу орнының алғашқы түлектері бітірген жыл. 1940 жылы Алматыға Ресей мемлекеттік медицина академиясы эвакуацияланып, осы оқу орнының профессорлық құрамымен толықты. Патафизиолог, кафедра меңгерушісі –Иосиф Сергеевич Глозманн,  атақты физиолог, кафедра меңгерушісі –Линна Соломоновна Штерн Халида көкеме ғылыми жетекшілік жасады. Алматы мединститутының жедел курсын бітірушілерге дипломмен қоса  әскери дәрігерлік шен лейтенант атағы берілетін. Алайда 1941 жылы НКВД қызметкерлері  оқу орнына арнайы келіп, Халида Есенғұлқызына   дәрігерлік офицерлік атақ бермей тастайды.

Академия басшылығы оны кафедрада ассистент ретінде жұмысқа қалдырды. 1942 жылы  майданға баруға өз еркімен арыз жазып, қатардағы жауынгер ретінде Оңтүстік Сталинград майданына  түсті. Әскери құжатында  «мамандығы бойынша –дәрігер, бірақ халық жауының қызы болғандықтан, дәрігерлік  жұмысқа рұқсат жоқ» деп көрсетілген. Келген бойы көкемді өлгендерді жерлейтін топқа жібереді. Тағы бір міндеті –алдыңғы шепте окоп қазу болатын. Бұл жерде командирлер оған  тиісе бастайды, тіпті  қол жүгіртіп, мазақ қылғысы келеді. Сол кезде  саяси тұтқындардан  айыптылар ротасын құру туралы Сталиннің бұйрығы шығып жатқан кез. Көкем Сталиннің атына хат жазып, онда  байдың қызы екендігін ашық жазып, өзін  айыптылар ротасына  жіберуін, тірі қалған жағдайда, өзі мен туыстарына тағылған айыпты алып тастауын сұрайды. Көкемнің  хаты Калининнің қолына түсіп, бірден мақұлданды.

  Өз еркімен айыптылар ротасына түскен адам 3 ай сонда қызмет етуі керек.  Ол жерде әрі қарай бірдеңе бүлдірсе, жаза мерзімі ұлғая береді. Айыптылар ротасында  саяси   жазасын өтеушілерден гөрі кәнігі қылмыскерлер көп болатын.  Жас қыз. Айнала  бәленің бәрін көрген  сотталғандар. Дегенмен, жерлеу командасына қарағанда, айыптылар ротасы көкеме қауіпсіздеу болғаны, зэктердің ақ халаттыларға тиіспейтін жазылмаған заңы бар екен.  Осы  жағдай көкемді аман сақтады. Зэктердің бастығы  Халиданың басынан бір тал шашы да түспесін деп бұйрық берді.

Айыптылар ротасы шабуылға шыққан кезде,  әдеттегідей «За Сталина!» деп емес, «За Халиду!» деп ұрандаған. Қайсібірі саяси тұтқын, қайсыбірі кәнігі қылмыскер, бірақ бәрі бірауыздан Халида көкеме қорған болған. Кейіннен көкемнің: «Қанша адамның мен үшін құрбан болғанын білмеймін, бірақ та олар мен үшін Құдайдан кем емес» деп айтқаны бар. Үйге хат жазғанында, айыптылар ротасында жүргенін жасырған.

-Айыптылар ротасындағы құжаттарын көре алдыңыздар ма?

-  Көкемнің 1942 жылғы  штрафротаға жіберілуі жөніндегі  құжаттарына Мәскеуге сұрау салдық,  бірақ «құпия» белгісімен қолға түспей тұр. Сұрастырып қарағанда, 1941 жылдың әскери құжаттары  1948 жылы қайта өзгертілген. Жергілікті   әскери комиссариат та   «құпия» деп,  әскери құжаттарды тұтас көрсетпейді.

1943 жылы айыптылар ротасынан босатылып, 2-ші Әуе күштері армиясының  аэродромдық  821-полкіне аударған. Мұнда медицина қызметінің аға лейтенанты шені берілді. Ұлы Отан соғысының бес майданының бас гинекологы болып тағайындалды. 1945 жылы соғысты аяқтады. Қолына жарқыншақ тигені болмаса, ауыр жарақат алған жоқ.

- Соғыстан кейінгі тағдыры?

- 1946 жылы Алматыға оралып, Молотов атындағы медицина институтында   жұмысын жалғастырды.  1948 жылы  ғылыми диссертация жазуға  өтініш түсірген. Алайда, Сужиков, Шахметов сияқты идеологтар оның үстінен  Денсаулық сақтау министріне арыз жазып, көкеме  кандидаттық минимум тапсыруға жібертпей тастады. Ғылыми жұмысы тоқтатылды. 1950 жылдары көкемді Сталинге қатысты «дәрігерлер ісімен» байланыстырып, НКВД қайтадан соңына түсті.  Көкем  денсаулығына байланысты жұмыстан босатуын сұрап, арыз жазды. Сосын Қапал Арасанға кетіп,  санаторийде дәрігер болып жұмыс істеді.

Бұл кезде Мәскеуден профессор Глозманн комитеттегілерден алысырақ жүруін сұрап, хат жазған. Профессордың ақылымен  Фрунзеге кетіп,  медицина институтына жұмысқа тұрып, кандидаттық минимум тапсырды. Сөйтіп көкем  1953  жылы Мәскеуден кандидаттық  диссертациясын сәтті қорғап шыққан. Сол жылдары Қарағанды медицина институты ашылып, профессорлық құрамы  негізінен Карлагта жазасын өтеген  дәрігерлерден жасақталды. Көкем физиолог Яков Хволистің кафедрасына жұмысқа қабылданды. Ол – Лев Гумилевпен бірге Карлагта жазасын өтеген дәрігер.

1957 жылы Ақтөбеде медицина институты ашылып,  жаңа ректор  Әлмағамбет Даиров жұмысқа шақырды. Осы жерде 18 жыл патофизиология кафедрасында еңбек етті. Ректор  Төрегелді Шармановтың тұсында   (1968-1971жж.)  коммунистік партияға өтті.

- Халида Маманованың ғылыми қызметіне, профессорлық жұмысына ылғи кедергі келтірген Ақтөбе мединститутының  1971-1995 жылдары басқарған  Ә.С. Смағұлов деп тікелей кіналап жүрсіз?

- 1971 жылы  Ақтөбе медицина институтының ректоры Төрегелді Шармановтың орнына  Әжмағи Смағұлов келді. Оның келуімен оқу орнында  адамның сыртынан аңду, бір сөзбен айтқанда «сексоттық қызмет» күшейді. Смағұлов КГБ  «осведомителі», кураторы –КГБ полковнигі Байжігітов. Байжігітовтың қолдауына  сүйенген Смағұлов институттағы ұлтшылдарды қудалауға кірісті. Көкем  мінезді, ұстамды, артық сөйлемейтін адам.  Бірақ әділетсіздікті көрсе, кез келген адамды бір сөзбен орнына қоя білетін. Өштесу себебі сол.  Жағдайы жоқ студенттерді қамқорлап, киім тігіп беріп, қалтасына тиын салып жүретін көкем  үйде: «Соғыстан  басқаның бәріне көнуге болады»,-деп жиі айтатыны есімде.  Мединституттың қазақ студенттеріне оқу кезінде қазақша сөйлеуіне тыйым салынған соң, көкем  «Қазақ қазақша, орыс орысша амандасуы тиіс!» деп қарсы шықты.  Смағұлов оны  ұлтшылдығы үшін жек көрді.

Көкем  медицина институтында Төрегелді Шарманов ректор болып тұрған кезінде,  студенттердің домбыра оркестрін ұйымдастырып сахнаға шығарды. Шарманов көкемнің әрекетіне дұрыс, кейінгі ректор –Смағұлов  бұрыс қарады. Смағұловтың «кураторы»,  Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бастығы Байжігітовтің тікелей араласуымен 1972 жылдан бастап  «бай қызының ісі» қайта жанданды. Ақтөбе  обкомның идеология бөліміне шақыртылып, көкемді ұлтшылдығы үшін бюроға салды.

- Осы жанжалдағы «домбыраның  шанағына қорғасын құйыңдар» деген не  жағдай?

- Көкем басқаратын патологиялық физиология кафедрасын жапты, шетелдегі ғылыми конференцияларға «сенімсіз» адам ретінде жіберілген жоқ. 1972 жылы көкемді ұлтшылдықпен айыптап, партиядан  шығармақ болғанда, институт  ұстаздары Смағұлов-Байжігітов одағына қарсы шықты. Бұл –1972 жылы болған оқиға.

Бұл жиналыстың қалай өткенін жақында ғана дүниеден өткен Саламат Ғұмарұлы Ахметқалиев мені үйіне шақырып, айтып берді. Саламат Ғұмарұлы жиналыста: «Байжігітов пен Смағұловқа Халида Маманова қандай  жамандық жасады? Егерде оны домбыра оркестрін ұйымдастырды деп айыптасаңыздар, онда Алматыдағы Құрманғазы оркестрін жаптырыңдар. Біз сіздерге домбыра берейік, оның көмейіне қорғасынды өз қолдарыңмен құй!» деп  айтады.  Институт  ұстаздары көкемді партиядан шығаруға  қарсы шыққанымен,  өздеріне  қарсы оқ болып атылды.

Сол жиналыстан көкем  үйге сұп сұр болып оралды. Келген бойы отыра кетті, бір қарасам, саусақтары қатты дірілдеп отыр.

Байжігітов – Смағұлов тандемі көкемді жақтаушылардың соңдарына түсті.  Ақтөбенің  КГБ бастығы Байжігітов  патологанатом Саламат Ғұмарұлын сотқа беріп, институттан алған пәтерінен  шығарып жіберді. Сот орындаушылары  Ахметқалиевті  бала-шағасымен үйден шығарып жатқанда,   Ғұмар ағаның әйелі пәтерінде қалған затын  алып шығуға рұқсат сұрайды. Ол кісі инфекционист дәрігер еді, пәтерінде қалған   күкірт қышқылын ішіп, сол жерде жан тапсырды. Сол жерде жиналған жұрт не істерін білмейді.   Смағұлов Саламат ағайдың отбасындағы жанжалды  естіген бойы Ақтөбеден  кетіп қалады, Байжігітов Мәскеуге тартып отырады. Олар бір ай бойы Ақтөбеде болмаса да, Смағұлов Ахметқалиевтің жетім балаларының пәтерін тартып алды.

Енді осындай жамандық жасаған адамға Ақтөбе медицина институтына мемориалды тақта орнатып, ескерткіш мүсінін қойды. Смағұлов Одақ ыдырағанша,  ұлтшылдарды қудалаумен айналысса, 1992 жылдан бастап, керісінше қазақ тілінің қорғаны болып аяқ аятынан өзгеріп шыға келді. Медицина ғылымына енгізген бір жаңалығы жоқ, адамдарды емдеп, қызмет көрсетпеген. Мұндай өресі тар жан  атақ құрметке лайық па? Ақтөбе үшін не істеді?

Көкеме Парижде өтетін физиологтардың халықаралық конгресіне баруға рұқсат етілмей, баяндамасын  Мәскеудегі  профессор Глозманн  симпозиумда оқып береді.  Латын Америкасы, Жапониядан жұмысқа шақырту келді. Алайда КГБ  көкемнің  шетелге шығуына тыйым салып тастаған.

- Халида Есенғұлқызы 1977 жылы Болгарияда қаза тапқан. Бұл қалай болды?

- Мен маусымның  басында құрылыс отрядымен Комсомол ауданына жүріп бара жатқанмын. Қоштастық. Келгесін көкем костюм тігіп беремін деді. Үйде жалғыз өзі, бір  айдан соң жолдамамен Болгарияға демалысқа баратын еді.

Отрядтамын, кешкісін жұмыстан келген соң, біртүрлі күйге түстім,  Ақтөбеге  қайтқым келді. Ертеңіне құрылыс отрядының комиссары Сұлтан  келген ұшақпен Ақтөбеге отрядтағы жас  тәрбиеленушілерді апарып таста деді. Балаларды тапсырып,  үйге қарай келе жатсам, үйдің айналасы тола адам. 2-ші  қабаттағы пәтеріміздің есігі ашық, Алматыдан әкем, әжелер келген.

Сол жерде  көкемнің Болгарияда теңізге суға батып кеткенін естідім. Теңіз қонақүйдің жанында, денесін  таңертеңгілік  жағадан тапқан. Үкітай Байжомартовтың араласуымен  Болгарияға  тарнзитпен аялдайтын «Ақтөбе-Мәскеу» жүк  ұшағымен алдырдық. Облыстық жедел жәрдем ауруханасында мырыш табытпен келген көкемнің денесін аштық. Мен де бардым,  денесі суға батқан адамдікіне ұқсамайды, кіндік тұсы  қатты көгерген. Ішкі ағзасынан  дәрет қабы жоқ.

Дәрігер ретінде айтарым, әдетте  суға кеткен адамның денесі ісініп, бұзылады,  мұнда онай белгінің бірі де жоқ.  Оны  өлтіріп, теңіздің жағасына лақтырып кеткенге ұқсайды. Көкем қонақ үйде жалғыз өзі тұрған, ұзын  дәліздің бір шетінде   теңізге шығатын  елеусіздеу есік  болған.

Қауіпсіздік қызметінің адамдары кіріп келіп, бірдеңе дейтін болсаңдар, арнайы қорымға алып кетеміз,  қайда жерленгенін білмейтін боласыңдар деп қорқытты. Біз үнсіз көндік. Мен әскерге кеттім, пәтерімізді соттың шешімімен тәркілеген. Бізге ескертпеді. Демалысқа келгенімде,  есікті басқа адам ашты. Сұрастырып көргенімде, пәтерімізде  КГБ-ның  адамы тұрып жатыр екен.

Туыстарымыз түгел Алматыда, сол кезде  сот орындаушылары келіп, үйді алып кеткенде, кабинетінде қалған  көкемнің  ғылыми жазбалары, рефераттары, халықаралық симпозиумдағы баяндамалары,  дипломдарын қоса алып кеткен.  Оларды  әлі күнге дейін таппай жүрміз.

Ресейде сақталған ғылыми атақтарының дипломдарын сұратып, Ресей Президенті В. Путиннің атына сұрау салғанымда, Ресей Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестациялық комиссиясынан  жауап келді. Онда  Халида Есенғұлқызының  медицина ғылымының кандидаты дипломы,  доценттік аттестаты,  медицина ғылымдарының докторы дипломы, профессорлық аттестаты сақталғанымен,   дубликаттары берілмейді екен.

Көкем қайтыс болған соң Әжмағи Смағұлов  оқу ісі жөніндегі проректор А.Өтепбергеновты шақырып, Халида Маманованың пәтерін не істейміз деп сұрағанда, Өтепбергенов  ол жерге мұражай ашу керек деп ұсыныс тастаған. Смағұлов  үнсіз қалған. Біір айдан соң  Өтепбергеновтың ғылыми жұмыстарға басшылық  құқығын жойып, бүкіл ғылыми кеңесті таратып жіберді.  Сол кезден бастап көкемнің  еңбектері жарыққа шығарылмай, есімін ұмыттыру саясаты басталды.

Әңгімелескен Баян Сәрсембина

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар