29 қаз, 2018 сағат 15:11

Мәдениет министрлігі үстінен іс қозғалған әріптестері туралы айтты

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова ведомствоның лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғалуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәли 24 қарашадан бастап министрдің ресми бұйрығына сәйкес 10 күнге ақысыз демалысқа кеткен.  Сондықтан құзыретті органдардың тарапынан нақты шешім қабылданғанға дейін негізсіз қорытынды шығару дұрыс емес деп есептейміз. Министрлік өз тарапынан жағдайды толыққанды бағалау үшін Жемқорлыққа қарсы іс қимыл ұлттық бюросына жан-жақты  жәрдем беріп, сұрау салынған құжаттармен кедергісіз қамтамасыз етіп отыр», - деді ол.

Сонымен қатар, ол Әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаевтың үстінен  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентті іс қозғағандығын атап өтті.

«Департамент басшысы 24 қазаннан бері жұмыс орнында жоқ. Телефоны өшіп тұр. Сондықтан қазіргі уақытта департамент директорының міндетін атқару уақытша басқа қызметкерге жүктелген», - деген Күміс Сейітова министрліктің жауапты хатшысы лауазымы уақытша өзіне жүктелгенін айтты.

Айта кетсек, бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды қызметкерлерінің парамен ұсталу жағдайына қатысты пікір білдірген болатын.

Одан кейін  Мәдениет және спорт министрлігі Әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаев үйқамаққа алынғаны хабарланған болатын.