12 қар, 2018 сағат 14:24

Қырықтан астам қойды қасқыр қырып кеткен

Батыс Қазақстан облысында қырықтан астам қойды қасқыр қырып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас дәурен» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Досановтың айтуынша, тосын оқиға Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Аңқаты ауылы маңында орын алды.

«6 қараша күні кешкісін жайылымда жүрген қойлар аман еді.  Шамасы, қасқыр малды үркітіп, айдап кеткен секілді. Ертеңіне барып қарағанда, 60 бас қойдың 41-ін қасқыр жеген, жарып тастаған. Таланғандары да бар. Соның 8-і пышаққа ілінді. Тоқтыларды тапсырып жіберіп едім, бәрі де саулық қойлар еді. 19-ы ғана аман қалды», - деді Н.Досанов.

Айта кетейік, бұл - әзірге бірінші оқиға. Қасқырдың малға шабуы қысқа қарай көбейетіні белгілі.