11 қаң, 2018 сағат 08:00

Күнсұлу Шаяхметова: Параны берген адамды да сот алдына тарту керек!

8 қаңтар күні жемқорлық дерегімен ұсталған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы басшысы Ерлан Біләлді қолдау мақсатында бірқатар өнер адамдары, танымал әдебиет және мәдениет қайраткерлері баспасөз конференциясын өткізіп, өздерінің ашық пікірлерін ортаға салған болатын. Өз кезегінде, елімізге белгілі актриса Күнсұлу Шаяхметова бұл жағдайды өнерге жасалған қиянат деп атады: 

"Досты апарып досына жамандатып, ағайынды аздырған арамзалар қаптаған осынау күндері мен қалай үнсіз қалайын?! Жоқ жерден опық жеп отырған Ерлан Біләл – таза өнер адамы. Оған дау болмаса керек-ті.

...Буынсыз жерге пышақ ұрылған сәтте, «елім!» дейтін ердің еңсесін түсірген жағдай - менің жаныма қатты батты. Өнерге қиянат жасалып жатыр, ағайын! Мен де Қазақ өнері үшін азды-көпті еңбек етіп жүрген жанмын!..

«...Шеше тұрып қыз сөйлесе - бойжеткені» дейді. Бойжетіп  тұрғанымнан емес, басымды иіп тұрмын, ағаларым. Мәдениеттің, әдебиеттің майталмандары, бұл Өнерге қасақана жасалған қиянат. Мына, Ресейде Примадонна дейді ғой, барлықтарыңыз білесіздер, осындай бір қитұрқы тірліктерге тартылып жатқан кезде Ресей президенті – В.Путин «бұл Ресей халқының өзін қаралауға жасалып жатқан дүние, халықтың бетке ұстарын не істеп жатырсыңдар, барлық бос әңгімені құртыңдар, жоғалтыңдар!» деген еді. Сіздер ақ пен қараны ажыратып, халыққа жөн сілтейсіздер.

Қадірлі тілшілер! Сіздер ақпаратты қалай жеткізесіздер, бүкіл қазақ солай түсінеді. Ана баласына қандай ниетпен иіп омырауынан сүтін береді, бала оны солай емеді. Мен сіздерді солай деп білемін. Араша түсіңіздер! Параны алған емес, берген адамды да сот алдына тартыңыздар! Ол да жазалансын! Енді қайтып өнерге қиянат жасалмасын, ағайын. Мен жүрегімнен үн қатып тұрмын. Бір нәрсе айтқым келеді. Ақ-қарасын ажыратпай жатып, адамды азғырмайық. Асырып айтпайық! Бұл қазақтың өнеріне жасалған қиянат, ірітіп-шіріту деп білемін. «Мал жұтаса да, өнер жұтамақ емес». Егер, сіздер шындықтың бетін ашпасаңыздар, онда ағаның тізесінің иілгені - иілген. Ал, қазір, бүкіл марғасқаларымыз отыр алдарыңызда, бәрі жиылып қазақтың арда азаматын жақтап отыр! Осыдан артық қандай ақтау керек. «Елім» деп еңіреген ерге күйе жағылды. Осындайда бір-бірімізге мейірім-шапағатымызды төгіп, қамқор көңілде болмасақ, адамдығымыз, адамгершілігіміз қайсы?"

5 қаңтарда жемқорлыққа қарсы қызметтегілер М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры Ерлан Біләлдің Жаңа жыл кезінде балаларға қойылым қою мақсатында театрдан орын беру үшін заңды тұлғадан 1,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сол кезде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин: "Кінәсін толық мойындауына байланысты ол қамауға алынған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр", - деп мәлімдеген еді. 

Ерлан Біләл 2015 жылдың 27 сәуірінен бастап М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры қызметінде болған еді. Директор болған кезде ол Қазақ хандығының 550-жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бірнеше іс-шара өткізіп, сондай-ақ, Астанадғы EXPO 2017 көрмесі кезінде гастрольдер ұйымдастырған. Онымен қоса, Ерлан Біләл театрдың 90-жылдығын жоғарғы деңгейде атап өткен-тін.

2017 жылдың желтоқсан айының соңында Әуезов театры Ерлан Біләлдің бастамасымен ҚР Президентінің "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында Токиоға аттанды. Жапонияда көрсетілген "Ақтастағы Ахико" спекталі мыңдаған адамды жинады, сондай-ақ, Жапонияның жергілікті театр сыншылары да бұл қойылымды жоғары бағалаған еді.