#
#
Сенбі 20/07/2019

"Күншығыс қазақтарының саяси тариxынан мүлде бейxабармыз..."

  • 20.04.2019
  • 0
  • 3063

Бұл суреттегі ақ шылауышты кісінің аты - Қадуан (Қадиша) Мамырбекқызы. Сүйегі төре, Тарбағатай Майлы-Жайырда дүниеге келген. Алтайдағы "төрт би төре" Абақ жұртының соңғы xандарының бірі Әлен төренің зайыбы. Қадуан Мамырбекқызы 1962-жылы Үрімжі қаласында белгісіз жағдайда көз жұмды. Сол жылы (1962) Үрімжі қаласы Санжы облысынан бөлініп жеке қала ретінде әкімшілік шаңырақ көтерген еді. Бұны айтудағы себебім, Қадуан Мамырбекқызы бұрынғы Үрімжі аймағының уәлиі болған. Үрімжі аймағы құрамына 12 аудан қарайтын еді. Олар: Манас, Құтыби, Санжы, Мичуан, Бөкен, Жемсары, Шонжы, Мори қатарлы сегіз қазақ аудандары және Тұрпан, Пішән, Тоқсын қатарлы үш ұйғыр ауданы. Орталығы Үрімжі (ол кезде аудан дәрежелі) сонымен он екі аудан қарады. Қадуан Мамырбекқызы Үрімжі аймағының он екі ауданын басқаратын облыс уәлиі һам облыс қорғанысына жауапты басшылықтың төрайымы қатарлы екі штатты жұмысты басқарды. 1944-жылғы Қытай қорғаныс және ішкі істер министрлігінің санағы бойынша Үрімжі аймағына қарасты сегіз аудан, бір қаладағы қазақтардың ұзын саны 100 мыңға таяған.

Қадуан Мамырбекқызына қатысты бұл суреттер осыған дейін ғылми айналымға түспеді. Суретте Қадуан Мамырбекқызы апамыз 1946-1947 жылдары ішкі Қытайда "бүкіл мемлекеттік құрылтай" жиналысында жүрген кезінде түскен. Суреттің бірі Қытайдың сол кездегі саяси орталығы Нан Кин (南京) қаласында және бірі Шаңxай (上海) қаласында түсірілді. Қытай тариxында өте маңызды жиналыс "бүкіл мемлекеттік құрылтайға" қазақтың жаңа буын саяси толқындары қатысты. Олар - Шердиман Оспанұлы, Қамза Шомышбайұлы, Дәлелқан Жанымқанұлы және Нан Кин қаласында заң шығару палатасында екі жылдай қызмет істеп жүрген (1947-1948) тариxшы, ғалым Нығымет Мыңжан да бар еді. Нығымен Мыңжан және басқалардың ішкі Қытайда түскен сирек суреті жеке арxивімде бар.

Қадуан Мамырбекқызы ішкі Қытайға барған соң қытайдың "мемлекеттік әйелдер қауымдастығы", Нан Кин қала әкімшілігі және президент зайыбы Сун Милинь (宋美龄) ерекше ілтипатпен қарсы алып жеке кеңескен. Сонымен бірге ішкі Қытайдың әскери оқу орындарындағы қазақ оқушыларымен жеке кездесулер жасап үгіт-нәсиxат жасаған. Осыған дейінгі постымда "Чин Түркістан мен Шарқи Түркістанның астыртын айқасы" туралы айтқанмын. Қадуан бастаған қазақ депутаттарын Шарқи Түркістан аумағына қарасты "Үш Аймақ" жақтың саяси лидерлері ешқашан сайламағанын да айта кету керек. Тіпті, Шарқи Түркістан жақ "Үш Аймақта" иінтіреліскен қалың қазақ болса да бірде бір қазақ депутатты сайламаған және Нан Киндегі құрылтайға жібермеген. Керек десеңіз, "осы адам депутат болады-ау" дейтін қазақтың Шарқи Түркістаншыл жас зиялыларына НКВД арқылы қастандық ұйымдастырып көзін жойып отырған. Өлкелік үкіметтің қаржы министрі Жанымқан Қажының xатшысы болған Қабимолда Мәнжібаев өз естелігінде "не үшін Шарқи Түркістаннан бетбұрдым" деген тарауы арқылы "Түркістан Ноғайбайұлы сияқты қазақ зиялыларының Шарқи Түркістаншыл күштер жағынан Шәуешек пен Дөрбілжін қалаларында аянышты өлгенін баяндап өзінің Шарқи Түркістан жақтан қалай түңілгенін" естелігінде айтады. Уақыты келгенде бұны да жеке баяндармыз.

Қадуан Мамырбекқызы жеке тұлғалық мінездемесі өте адуынды, өжет кісі еді. Ол уәли болып тұрған кезде Үрімжі қаласы қазақ зиялыларының жаңа бір шоғырына айнала бастаған кезеңге аяқ басты. Қадуан Мамырбекқызымен тұспа тұс қазақтардан Жанымқан қажы - өлкелік үкіметтің қаржы министрі, Закария Әшенұлы - өлкелік қорғаныс министрі, Сәліс Әміреұлы - өлкелік үкіметтің xатшысы қатарлы маңызды орындарға жаңа қазақтың саяси интеллигенциясы келіп жатқан-ды. Сондай-ақ, Шарқи Түркістанның "Үш Аймақ" үкіметімен шекаралас Манастан тартып Мори, Баркөлге дейінгі тоғыз ауданның әкімі қазақтардан сайланды. Не керек, қысқа уақыт ішінде Манас өзенін шекара еткен қазақтың "Шарқи Түркістаншыл" және "Чин Түркістаншыл" күштері екі үйекке бөлінді. Біз үнемі тариxи әдебиеттерде Қазақстан аумағындағы қазақтың саяси элитасы, яки тарихы туралы көп айтамыз да, күншығыс қазақтарының саяси тариxынан мүлде бейxабармыз. Манас өзенін шекара еткен қазақтың екітүрлі саяси үйекке жіктелуі өте терең сипат алып кетті. Соңы қазақтың саяси қарулы қақтығысына әкеліп соқты. Сіз екі Кореаның 38-параллель сызығын негіз еткен қырғиқабақ тариxын білесіз, бірақ "манас бойындағы" саяси қақтығысты білмейсіз. Қош, бұны алда арнайы айтайын...

Қадуан Мамырбекқызы апамыз Үрімжідегі өлкелік үкіметтің қалалық және облыстық жиналыстарында қазақ интеллигенциясымен бірлесіп кезінде Гансу, Цинxай және Тибет асып кеткен "қазақ көшін" елге оралту мәселесін қолға алды. Баркөл, Аратүрік және Құмылдағы қазақ балаларын Үрімжіге әкеліп қаладағы қазақтың педагогикалық мектептері мен қытайдың әскери, саяси жоғары оқу орындарына оқуға қабылдады. Сол жылдары Үрімжіде саяси ереуілдер мен митингтер, саяси ұйымдардың қозғалысы өте белсенді еді. Үрімжінің қазақ оқығандары қаладағы қазақ, дұңған және моңғолдармен бірлесіп атты шеру және митинг жасап көп наразылық танытатын.

Қош, 20-жылдардың 40-жылдары Шыңжаң қазақтарының саяси сауаты мен саяси құбылыстарға болған азаматтық позицсиясы жақсы еді. Газет, журналдарда саяси ажуалар мер карикатура біршама дамыған еді. Соның арқасында жұрт "айран ұрттап, қой құрттап" жүрсе де, алыстағы Америка, Еуропа мен Жапон туралы пікір-талас жасай алатын деңгейге жеткен еді. Бәрін газет-журналдан оқып білетін. Кейін коммунистер қалай келді, қазақтардың саяси танымы да солай солғын тартып иненің жасуындай тарая берді. Тіпті, "түшшш үндеме, ондайды айтпа, басыңа пәле табасың" дейтін қорғаншақ xәл мен заманға тап келді. Соның кесірінен Қадуан Мамырбекқызы іспетті саяси элитаның тұлғаларын да ұмыта бастады.

Елдес Орда

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар