22 сәу, 2019 сағат 16:57

Көпбалалы отбасыларға қатысты аудиожазбадағы дауыс Әйтімованікі емес - ҚР ІІМ

Әлеуметтік желіде тараған балағатқа толы аудиожазбадағы дауыс сенатор Бірғаным Әйтімованікі емес. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі - ресми өкіл Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның атап өтуінше, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б.Әйтімова өзінің дауысын, суреті мен қызметін көрсету арқылы әлеуметтік  желіде көпбалалы аналардың жәрдемақысы жөнінде жалған ақпараттың тарауына қатысты шағым түсірген. Осыған орай департамент ҚР ҚК 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Сараптама қорытындысына сәйкес таратылған аудиожазбадағы дауыс ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б.Әйтімованікі емес. Қасақана жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтау туралы шағым түсуіне байланысты тергеу органдары кінәлілерді анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бойынша барлық шараны қабылдап  жатыр», - деді Н.Ораз.