08 мам, 2019 сағат 16:05

Көктем мерекесінде "Президент көжесі" іс-шарасын өткізу ұсынылды

                                                               Жыл басы көктем мерекесі -

                                                            Наурыз мейрамын ұлықтауға

                                                       бағытталған «Президент көжесі»

                                                              іс-шарасын өткізуге туралы

                                                                             Қазақстан халқына

                                                    ҮНДЕУ

Кез келген тәуелсіз мемлекеттің елдігімен мемлекеттілігінің тарихи сипаты олардың көнеден келе жатқан ғұрыптары, мәдени, рухани құндылықтарымен айшықталып тұратыны белгілі. Қарапайым қарым-қатынастан бастап дипломатиялық жөн-жоралғылардың амандасумен ас дәмінен басталатыны тағы бар. Демек, табиғи маңызды ұлттық тағамдарымыз бен туристік  қызметтің қарқынды дамуы елдігіміздің келбетін айқындайтын құндылық. Бұған орай халқымыздың әдет ғұрпында, әлем халықтарына үлгі боларлық үрдістер көп.  Мәселен, 2010 жылдың 23 ақпанынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының материялдық емес құндылықтар тізіміне енген адамзат қоғамының байырғы мерекесі, Түркі әлемінің төл мерекесі  «Наурыз мейрамы» бүтін әлем халықтары назарын аударған бірегей құндылық болып танылып келеді. Ал наурыз мейрамының мәнін ашып мағынасын келтіретін маңызды ас - «Наурыз көже». Бұл Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы, наурыз мейрамының айшықты белгісі. Біз елімізге келетін қонақтар мен туристерге, ел тұрғындарына мәдениетіміз бен дүние танымымыздың тамыры тым тереңде жатқанын таныту үшін, адамзат қоғамына ортақ құндылықтар болып табылатын соны үрдістерімізді айқындап оны әлем назарына ұсынатын тың идеяларға қолдау көрсетуге міндеттіміз.

«kult.fora» Рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтар» ҚҰ наурыз мейрамында Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға бағытталған «Президент көжесі» іс-шарасын өткізетін үрдіс қалыптастыру туралы - Нұр Отан патиясы, Ақжол партиясы және Мәдениет министірлігі, т.б. құзырлы органдарға 2010 жылдан бері ұсыныс жасап келеді. Бұл ежелгі жыл басы Наурыз мейрамының  халықаралық мәнін ашып, ұлттық құндылықтарымыздың маңыздылығын айшықтайтын  ұстынды жоба. Яғни, жыл басы, көктем мерекесі, наурыз мейрамында «Президент көжесі» іс-шарасын өткізетін үрдіс қалыптастыру деген сөз. Рас, қазір әлемдегі барлық елде жаңа жыл мейрамында, «Президент шыршасын» өткізетін жақсы үрдіс барын білеміз. Ал, қазақ елі бірінші болып осы үрдісті-наурыз мейрамында «Президент көжесі» іс-шарасымен өткізсе, онда біз «Ұлыстың ұлы күні», «Ұлттық рухани жаңару күні», «Жыл басы», «Көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыру межесін»  әлем елдері «Жыл басы мейрамы» деп тануына себепші болар едік. Бұған азат ойлы, саналы азаматтар, ұлт тұлғалары қолдау көрсетіп бір жеңнен қол шығарып жатса нұр үстіне нұр болары анық. Себебі, бұл - бүгінде кезі келіп, заманы жеткен тарихи   құбылыс! Табиғат заңдылықтарымен мінсіз үйлескен  соны үрдіс! Таяу жылдарда жаңа жыл мейрамы тарихи атауы мен уақыт межесіне қайта оралауы әбден мүмкін. Демек Ұлы дала өркениетіндегі мәдени-рухани құндылықтардың қазіргі ғаламдық жағдайдағы  мәдениеттер ықпалдастығының басым бағыты болатын кейбір озық үлгілерін жаңғырту өзекті екені де даусыз.

                                      Құрметті отандастар!

Қазақстанның саяси-әлеуметтік және экономикалық гүлденуі - жалпы адамзатына ортақ мәдени-рухани құндылықтар мен адамгершілік асыл қасиеттеріміздің басым бағыттары және «Қазақстандық өнім» «Ұлы дала брендтерінің» әлем халықтарына үлгі боларлық табиғи маңыздылығымен айқындалады!

Қазіргі қоғам - бәсекеге қабілетті бренттер құратын,  жоғары сапалы, экологиялық табиғи таза өнімдердің экономиканың серпілісіне айналатын кезі. Яғни  мәдениеттер бәсекелестігіне төтеп бере алатын ұлттар ғана елдігін сақтап қалатын жаһандық жағдайда, «Ұлы дала» мәңгілік құндылықтарын жаңғыртудың маңызы зор. Біз мәдени рухани құндылықтарымыздың басым бағыттарын айқындау мақсатында жыл басы көктем мерекесі наурыз мейрамын ұлықтауға бағытталған «Президент көжесі» іс-шарасын өткізуге байланысты Қазақстан халқы және атқарушы органдарға ҮНДЕУ жариялап отырмыз.

«Наурыз көженің» дәстүрлі технологиясы және тарихи философиясы:

Қазақ халқы наурыз мейрамында жеті түрлі дәннен наурыз көже жасайды.

Жеті түрлі дән: бидай, ет, сүзбе қатық, су, тұз, бұрыш  және көк (пияз).

Бұл жеті дән- адамзат болмысындағы жеті әлемнің кие тектері болып табылады: бидай-жер ана дәні; қатық-ақ дәні; ет-қызыл дәні; су-тәңір дәні; тұз-ас дәмі; бұрыш-от дәні; пияз-көк (жел, ауа) дәні.

Осы жеті дәнді дайындаған кезде, адамзатының  табиғат заңдылықтарымен үйлесім табу диалектісі мұқият сақталады. Онда, адамзаты табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғамда үйлесім болып, жасампаздыққа қол жеткізетіндігі ескерілген. Наурыз көженің құндылығы, оның түпкі мәні және құпия сыры да осында жатыр.

1. Жаратушының адамзатына ең алғашқы бұйыртқан дән – бидай көшеті. Ас атасы нан болу себебі де содан. Сондықтан ырыздық несібесінің келер жылы да мол болуын тілеген адам, күзгі бидайды қамбаға салған кезде келер көктемдегі ұлыстың ұлы күніне  бағыштап,  наурыз көженің бидайын  дайындап қояды. Ондағы ниет жер ананың ырыздық несібесін үзбей келер көктемгі Ұлыстың ұлы күнгі киелі асына қосу.

2. Мал тойынған, сүт қойылған күзгі соңғы сүттен сүзбе қатық сүзеді. Бұдан кейін мал суалады. Бұл осы жылдың соңғы сүтінен дайындалған - ас дәмінің падишасы, ас құнарының маңызы және келер жылғы наурыз көженің ас дәмі. Мұндағы ниет, ақ дәннің маңызын келер жыл басындағы аққа қосу. «Ақ дәнің үзілмесін, ақ босағаң бүлінбесін» деген тілек.

3. Қазақ халқы мал әбден тойынған, еті құнарланған кезде қараша айында қыс азығын дайындап соғым сояды. Соғымды үлкен дайындықпен, айдың аты, күннің сәтін ескере отырып ниет етіп, құран бағыштап сояды. Етті бұзып сорғытады да ас дәмдерімен тұздап, ыстап кептіреді. Бірнеше жас малдың етін  бүктеп, жас қалпында сақтап қояды. Оны жазғытұры мал арыған кезде жас сорпа керек болған жағдайда қолданады. Соғым етін бұзған кезде жөн білетін, бойы таза, ыспар адам үй иесінің талабымен әр кәделі жілікті өз жөн жоралғысына сай дайындайды. Онда: ауыл ақсақалы, ата-жетесі, сыйлы қонағы, құда жекжаты түгел ескеріледі. Келер Наурыз мейрамындағы Ұлыстың ұлы күні киелі қара қазанға салынатын кәделі жіліктер бағышталып, ерекше дәмделіп тұздалған соң ысталып белгілі мөлшерде кептіріледі де абдыраға салынып сарымайдай сақталады. Міне бар гәп осында жатыр. «Түтінім-өшпесін, дәмім үзілмесін» деп ұрпақ жалғастығына ерекше мән беретін халық табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде ырымдарын жасайды, жөн-жоралғыларын істейді. Жалпы қазақтың соғымы үлкен мән, мағыналы, ғылыми негіздегі халал пайымды әрекет. Малды Аллаһуакпар деп соя салғаннан, ол халал тағам бола қалмайды. Әрине міндетті түрде таза жерде дәретімен Аллаһуакпарын айтып ниет етіп бауыздап, қанын әбден шығару шарт. Мәселе ет мүшелегеннен кейін жасалатын алғашқы технологиялық процестерде жатыр. Жаңа сойылған малдың еті тірі ағза, оны маңызды азық-түлікке айналдыратын жаңағы технологиялық процестер болып табылады. Наурыз көженің ерекше дәмін келтіретін де-дұрыс дайындалып жақсы сақталған кәделі жілік еті мен сүзбе қатық қоспасы және жақсы түктеліп сақталған бидай дәні. Бұл жердегі ниет Алланың бергеніне шүкір етіп, мал жаны айдан аман, жылдан есен, бір дәні бір дәніне жетсін деген тілек.

4. Ас тұзы - киелі зат. Шығыс халықтары тұзға жеңіл-желпі қарауға, үстел үстіне, жолға төгуге болмайды деп кие тұтады. Иодталып сақталған ас тұзы тағамның дәмін келтіруші ғана емес, сақтау, түрлі зиянды микроағзалардан қорғауға да пайдасы мол.

5. Қара бұрыш, қалампыр, бұлар дәмдеуші және қасиетті зат болып саналады. Сондықтан оларды сақтайтын етке салады. Наурыз көжеге қасиетті зат ретінде ырыммен қосады.

6. Көк жемісі (пиязы, зәйтүн) сарымсақты біз ас дәмі ретінде қабылдаймыз. Шынтуайтында ол ас дәмдеуші ғана емес, ағзаға өте қажетті, қорғаушы және аурудан сақтаушы зат.

7. Су мен дем - адам жаны. Адам ағзасының 70 пайызын құраушы судың өзі тірі ағза. Барлық ақпаратты сақтаушы өмір өзені. Жаңағы алты дәнді ұлыстың ұлы күніне қалай бағыштап, қандай ниет тілекпен сақтаған ақпараты да осы суда. Бұл жердегі еске алатын жағдай судың табиғи таза тірі су болуы өте маңызды.

Осылай табиғат заңдылықтарымен үйлесімді дайындалатын Ұлыстың ұлы күнінің маңызды асы Наурыз көже тағамтану ғылымының талаптарына да сай келеді. 

Наурыз мейрамында қазақтың берекелі дастарханына қойылатын Ұлы күнінің киелі асы «Наурыз көжемен» бірге  ерекше маңызды  жеті түрлі ас-тағамдары дайындалады.

1. Қымыз ерекше технологиясымен сақталады. Онда ішкі, сыртқы температура, орын жай, яғни кеңістікпен уақыт межесі мұқият ескеріледі. Ол технологиялық процестері дұрыс сақталған, күзгі бабына келген сары қымыз болады. Жалпы сақталған қымыз дәмді, сіңімді әрі адам ағзасына өте қажетті минералдық заттарға бай болады. 

2. Ет тағамдары: жоғарыда айтылған технологиялық процестермен дайындалып сақталған қазы-қарта, жал-жая, шұжық, әсіп, кәделі жіліктер, мәнті, тұшпаралар, қарынға салған қуырдақтар. 

3. Сүт тағамдары: май-сары май, ақ май, жұмсартылған май; құрт-жарма құрт, шақпа құрт, малта құрт, езбе құрт; ірімшік-ақ ірімшік, мәйек ірімшік, үрме ірімшік; қаймақ-бал қаймақ, жал қаймақ, қазан қаймақ, қоспа қаймақ т.б.

4. Жарма тағамдары: тары-май сөк, қуырған сөк, бөртпе сөк, сөк көже; жент-май жент, жарма жент, үрме жент, талқан т.б

5. Ұн тағамдары: бауырсақ 20-дай түрлі; құймақ-сүт құймақ, май құймақ, жеті шелпек, орамалар.

6. Көк жеміс жидектер: Қазір жеміс жидектердің бәрі бар. Дегенмен де қазақ дастарханында өрік, мейіз, жүзім, алма, болуы маңызды.

7. Наурызда алғашқы төлдеген мал уызын бүйенге салып, дәніміз дәнге қосылды деген ырыммен наурыз көжеге салып қатырады.                                                                  

Осы аталған тағамдар тойдың ажары, дастарханның сәні ғана емес, бұлар адам өмірінің нәрі. Мәселен жоғарыда айтылған  технологиялық процестері  сақталған құнарлы еттің, ас дәмі падишасы сүзбе қатықпен әрленген сүрлем сорпасын және бабы жетіп сақталған сары қымызды жүйелі рецептурамен ішкен адамның қуаты тасып, күші толып, анемия, әлсіздік дегендерден аулақ болады.

Наурыз түні жоғарыда айтылған мазмұн мағнасы түгел ойластырылған, сақтау технологиясына дейін қарастырылған жеті дәнді: «Айдан аман, жылдан есен» өтіп, ескі жылдағы дәм тұзын жаңа жылғы дәніне қосуға ырыздық несібе берген Аллаға мың да бір шүкір айтып, жыл басы «Ұлыстың Ұлы күні» жаңа жылда да ырыздық несібесі, құт берекесі мол болуын тілеген ізгі-ниетпен қасиетті қара қазанға салып пісіреді. «Түтінім-өшпесін, дәмім үзілмесін» деп ұрпақ жалғастығына ерекше мән беретін халық табиғатпен және бір-бірімен гормониялық келісімде ырымдарын жасайды, жөн-жоралғыларын істейді. 

Осылай Ұлыстың ұлы күнінің киелі асы наурыз көже ниеттен басталып, жүйелі іс-әрекеттің нақты пайымдары мен өз мәресіне жетіп, жан біткенге шаттық сыйлап, ырыздық, береке-бірлік әкеледі.

САНСЫЗБАЙ ӨНЕРХАН

«kult.fora» Рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтар» ҚҚ-ы төрағасы,

«Ас-Арқау» Салауатты тамақтану ұлттық орталығы инновациялық жобасының жетекшісі.