17 қаз, 2019 сағат 13:00

Қоғамдағы діндарлық өлшемі

Қазіргі күнде қоғамда діндарлықтың өсуі туралы айтқанда оны оңды сипатта көру кең етек алған ұстаным деуге болады. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері жылдар ішінде кеңес заманында біршама қағажу көрген дін саласы Қазақстанда қайта өркендеуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде діни бірлестіктер қоғамнан өз орнын алып, дін ұстанатын тұрғындар өз қажеттіліктерін еркін өтеуге кең мүмкіндіктер алды. Мемлекетіміз дінмен қарым-қатынасында зайырлы қағидаттарды басшылыққа алып, дін саласын заңнамалық тетіктермен реттеп отырады. Бұл тұрғыдан келер болсақ, бүгінгі таңдағы еліміздегі мемлекеттік-конфессияаралық қатынастар мен діни ахуалды қоғамымыздың дәл бүгінгі даму ағымына сәйкес келетін оңды сипаттағы бағамдарымыз анық.  Жалпы діндарлықтың өсуі зайырлы қағидаттарды ұстану арқылы жаңа даму жолына түскен елдер үшін қаншалықты оң нәтиже беретіні ашық мәселе. Әрине, адам құқы мен бостандығының маңызды бөлігі ретінде көрініс табатын діни еркіндік пен сенімге құрмет көрсету жағынан алғанда бұл мәселеде біздің қоғамда ешқандай пікір алшақтығы жоқ. Еліміздің азаматтары дін ұстану-ұстанбау тұрғысынан толық еркін және оған мемлекет кепілдік береді. Десек те, қазіргі әлемдегі дінмен қатар көрініс тауып отырған әртүрлі келеңсіздіктер, деструктивті діни ағымдар мен ұйымдардың белсенділігі, дінді саясиландыруға немесе діннің саясилануы діндарлықтың өсу мәселесіне де біршама терең көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені қоғамда діндарлықтың жаппай белең алуы қалай айтқанмен де діндар тұрғындардың мемлекет пен қоғамға қатынастағы талаптарының өсуіне алып келетіндігін мойындауымыз керек-ақ. Осы орайда, діндарлық түсінігіне анықтама беруге талпынып көрер болсақ, оны кең мағынада адамдардың дінмен әуестенуі және діни нормаларға ерушілік ретінде бағалауға болады. Ғалымдардың бір тобы діндарлықты адамдар тобының немесе жеке адамның діни санасын, діни жүріс-тұрысы мен діни қарым-қатынастарын қамтитын әлеуметтік сапасы ретінде қарастырса, екінші бір ғалымдар діндарлықты әлеуметтік ахуалдың өзгерісі мен діни ұйымдардың белсенділігімен байланысты туындайтын құбылыс ретінде пайымдайды. Қалай болғанда да, діндарлық соған сәйкес орта мен жағдай бар кезде көрініс беретін және дамитын әлеуметтік құбылыс екені анық. Яғни діндарлық түсінігі діни институттардың қызметі мен адамдардың діни сауаттылығынан бастап, олардың дінді ұстануы, мешітке баруы, діни мерекелерді атап өтуі және басқа да осы қатардағы күнделікті жүріс-тұрыстарымен бағамданатын көп қатпарлы құндылықтар мен қарым-қатынастарды қамтиды десе болады. Тұрғындардың діндарлығы мен қоғамның экономикалық гүлденуі арасындағы байланыстарға қатысты әлем елдерінде жүргізілген зерттеулер қоғамның саяси, құқықтық, экономикалық, әлеуметтік салалардағы еркіндігі мен сол қоғамның діндарлығының арасында белгілі бір тәуелділіктің бар екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, шартты түрдегі Батыс қоғамдары мен шартты түрдегі Шығыс қоғамдары арасында діндарлық әртүрлі сипатта көрініс береді. Мәселен, жоғарыда аталған қоғамдарда ішкі жалпы өнімді өндіру тұрғысынан діндарлық анық көрінбесе де, мүліктік теңдік тұрғысынан діндар емес қоғамдар (батыстық) діндарлық деңгейі жоғары қоғамдардан (шығыстық) оқ бойы озық. Діндарлық белең алған қоғамда тұрғындар арасында материалдық игіліктерді бөлуде теңсіздіктер жиі орын алатындықтан, сәйкесінше мұндай қоғамда кедей адамдардың үлесі анағұрлым жоғары көрсеткішке ие болады екен. Ғалымдар осы қисынды ұстана отырып, адамдар әлеуметтік ортада өздерін қаншалықты сенімді және жайлы сезінетін болса, олардың өздерінің экономикалық жағдайына соншалықты аз алаңдайтынын туралы айтады.  Демек, тұрғындар үшін жайлы қоғамдарда адамдардың діннен жұбаныш іздеуге сұраныстары төмен болатынын ескерер болсақ, кез-келген қоғамда әлеуметтік, экономикалық жағдайы тәуір «орта таптың» үлесі неғұрлым көп болған сайын ол ортада діндарлық деңгейінің соғұрлым аз көрініс беретіндігі туралы тұжырым жасауға болады немесе керісінше. Діндарлықты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен қорғау тұрғысынан төмен деңгей көрсететін қоғамдарда жиі көзге түсетін күйзеліс жағдайлар мен алаңдаушылықтарға бой бермеуге көмектесетін және салыстырмалы тұрғыда тез өзгеріске түсіп отыратын психологиялық көңіл-күй ретінде  қарастыруға да болады. Жалпы, діндарлықтың өсімі мен қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының арасында белгілі бір сәйкестік бар екені талас тудырмайды. Ал қазақстандық қоғамның діндарлығының өсуін динамикада қарар болсақ, 90-жылдардың ішіндегі экономикалық жағдайдың төмендігі тұрғындардың әлеуметтік торығуына және дінге «бейсаналық» бой ұрушылыққа алып келгенін көрер едік. Елімізге әртүрлі жаңа діни ұйымдар мен ағымдардың қаптап келіп, адамдарды «жұбатуға» көшкен сол кездерді діндарлықтың бей-берекет өріс алған уақыты деп алар болсақ, әлеуметтік-экономикалық жағдай сәл-пәл қалпына түскен қазіргі күнде діндарлық қайта ой елегінен өткізіліп, сапалы тұрғыдан дәстүрлі сипатта көрініс таба бастағанын көруге болады. Бұл жерде біздің қоғамымызға тән ислам дінінің дәстүрлі түсінігіне негізделген діндарлықтың өсуі, ауқымы мен тереңдігі мемлекетіміздің зайырлы қағидатымен және осыдан туындайтын қоғамдық құндылықтармен қаншалықты үйлесетіні басы ашық үлкен тақырып екені анық. Осы орайда, біздің қоғамдағы діндарлықтың өсуі туралы айтқанда бұған қатысты бір-біріне қарама-қайшы екі түсінік бар екенін де айта кету керек. Еліміздің тұрғындары, оның ішінде дәстүрлі діндерді ұстанушы азаматтар діндарлықтың өсуін жағымды үрдіс ретінде санай отырып, бір мезгілде  еліміз үшін жаңа конфессиялар болып табылатын діни ұйымдарға қатысты діндарлықтың өсуін келеңсіз қабылдайды. Әділін айтар болсақ, бұл тек біздің қоғам үшін ғана емес, басқа діни ұйымдармен және құндылықтармен жаңадан ұшырасып жатқан елдердің барлығына тән құбылыс деуге болады. Шартты түрде «дәстүрлі емес діндарлық» атауына ие осы құбылыстың пайда болуына келер болсақ, нақты қоғамда ұзақ уақыттардан бері жалғасын тауып келе жатқан діни институттар мен нормалар діндарлардың бір бөлігінің рухани сұраныстарын қанағаттандыруға қабілетсіздік танытқан жағдайда жаңа діни ұйымдардың бой көтеруі белең ала бастайды. Біздің қоғамдық ортада олар шартты түрдегі «жаңа діни қозғалыстар», «дәстүрлі емес діндер», «деструктивті культтер» «теріс ағымдар» деген атаулармен таныс. Дін социологы  В.Мартинович өзінің «Дәстүрлі емес діндарлық: пайда болуы және миграция» атты еңбегінде әлемнің 93 еліндегі 4 мыңға жуық жаңа діни қозғалыстардың діндарлығын зерттеу негізінде «дәстүрлі емес діндарлықты» өзгермейтін тұрақты «ядродан» және бірқатар факторлардың ықпалымен жиі өзгеріске түсіп отыратын «қабаттардан» тұратын тұтас жүйе деп санап, оны кез-келген қоғамға тән циклды және үзіліссіз қайталанып отыратын  құбылыс ретінде қарастырады. Біз бүгінгі күні бетпе-бет кездесіп отырған жаңа діни қозғалыстардың белсенділігі белгілі бір түрде Батыс пен Шығыстың барлық қоғамдарына тән құбылыс деуге болады. Сондықтан олардың біздің елде пайда болуы мен әсіребелсенділігін «басқа бір елдер мен құпия топтардың жымысқы саясатының нәтижесі» емес, жаһандану заманындағы ашық есік жағдайындағы тұрақты құбылыс ретінде қабылдау анағұрлым қисынды. Әлбетте, бұл жаңа діни қозғалыстарды, ұйымдар мен әртүрлі культтарды тұрақты құбылыс деп жайбарақат отыруды білдірмесе керек.    Мемлекет өз тарапынан қоғамдағы жаңа діни ұйымдардың әсіребелсенділіктерінің аптығын басуда зайырлы қағидаттарға негізделген заңнамалық тетіктермен жұмыс істейтіндіктен, қоғамның рухани дүниесінің тұтастығын сақтау ісіндегі жауапкершілік дәстүрлі діннің ошағы болып табылатын мешіттердің, руханиятқа бей-жай қарамайтын азаматтар мен қоғамдық институттардың белсенділіктеріне тікелей байланысты. Қорыта айтқанда, қоғамда діндарлықтың өсуі объективті шынайылық десек те, алдағы уақытта діндарлықтың қай бағытта өріс алатыны мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін маңызды мәселе болып қала береді. Әсіредіндарлықтың тайыз түсініктерінің діни радикализмге ұласуы байқалып отырған қазіргі кезеңде қазақстандық қоғам діндарлықтың еліміздің тұрғындарының рухани жетілуіне, азаматтардың мемлекет заңдары мен талаптарын құрмет тұтуына оң ықпал ететін арнада дамығанын көргісі келетіні айтпаса да түсінікті.

Мейрам Иманбаев, сарапшы, с.ғ.к.