25 қаң, 2021 сағат 10:48

Кепілдегі автокөлікті арзанға «алып берумен» айналысқан алматылық ұсталды

Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен әйел ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әйел жалға алынған автокөліктерді тізгіндеп жүріп, дәл сол маркалы автокөлікті екінші деңгейлі банктен төмен бағада сатып алуға уәде берген. 

«Ұсталған 40 жастағы әйел «Тойота Камри 55» көлігін жалға алып, өзінің таныстарын банктерде дәл осындай кепілдегі көлікті 5 миллион теңгеге сатып алуға көмектесетін «таныстары» бар деп сендірген. Ал бұл машинаның нарықтағы бағасы 7 миллион теңгеден жоғары. Оған сенген адамдар 3,5-4 миллион теңге алдын-ала төлемді кепілдіксіз берді. Бұл әйел бұрын да осындай әрекеті үшін істі болған. Алған ақшасын жеке қажетіне жұмсаған. Ешкімге көлік алып беру ойында болмаған», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов. 

Ұсталған адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

«Осы адамның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар бізге келесі телефондар арқылы хабарласа алады: 8708-707-92-02; 8-705-771-13-71; 8-705-555-77-63», – деді Ысқақов.