07 қар, 2019 сағат 13:58

Қазақ-орыс халықаралық университеті лицензиясынан айырылуы мүмкін

Қазақ-орыс халықаралық университеті лицензиясынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 қараша күні «Қазақ-орыс халықаралық университеті» халықаралық жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қаралды. Әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама мен әкімшілік іс материалдарын қарау мерзімі университеттің өтініші бойынша екі мәрте ұзартыл ғанын айта кеткен жөн .

«29 қазан күні Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрайымының ұйғарымымен университеттің заңды өкіліне істің қаралатын орны мен уақыты хабарланды. Университеттің заңды өкілі келген жоқ, осыған байланысты істі заңды тұлғаның қатысуынсыз қарау туралы шешім қабылданды. Тексеріс қорытындысы бойынша осы қаулы күшіне енген сәттен бастап аталған оқу орнына қатысты 1 ай мерзімге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша лицензиясын тоқтата отырып, әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылды» делінген хабарламада.

Заңды тұлғаға аталған ескертулерді жою үшін 1 ай беріледі. Кемшіліктер жойылмаған жағдайда аталған оқу орнын лицензиясынан айыру үшін материалдар сотқа жіберіледі.