22 мау, 2017 сағат 07:54

"Қазақ халқының қырық ғасырлық тарихы бар"

 

Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі Оразақ Смағұловпен сұхбат.

– Оразақ Смағұлұлы, отан­дық антропологияны ұзақ жыл зерт­тедіңіз. Сізге сұрағым: қа­зір­гі Қазақстан жерінде адам ба­ласы қай дәуірден бастап өмір сүріп келеді? 

– Қазіргі Қазақстан жерін адам баласының мекен етуі тас дәуірінен басталады. Яғни, бір миллион жыл бұрын мұнда адамдар өмір сүрген. Содан бастап бүгінге дейін ұлы далада адамдардың – еңбегі, тіршілігі, өмірі үзілмеген. Өз басым осы уақыт бедерінен қа­зақ халқының жеке-дара этнос ре­тінде қалыптасып, пайда болған кезеңін іздедім. Ол үшін әуелі, қазақтың шығу тегі жайлы гу­ма­нитарлық ғылымдар соның ішін­де тарихшылар не айтады. Со­ған на­зар аудардым. Сөйтсем, гу­ма­нитарлық ғылымдар қазақтың шы­ғу тегін «қазақ» деген этностық атау­дың пайда болу кезеңіне тіреп зерт­тейді екен. Бұл қате! 

– Неліктен қате?

– Антропология этностық халықтың пайда болу кезеңін оның ғылыми үлгісі мен артифактісіне сүйеніп айтады. Этнос атауының пайда болу кезеңіне сүйеніп дәлел айтудың қателігі – кейбір халықтың атауы ерте шығады, кейбірі жай шығады. Мысалы, «қырғыз» атауы тіпті біздің дәуірдің алғашқы жылдарына тән қытай жазбаларында кездеседі. Сол сияқты «моңғол» атауы ХІІ ғасырда Шыңғысхан құрған тайпалық одақ негізінде пайда болды. Бірақ бұл халықтар оған дейін де болды емес пе?! Мүм­­кін басқа атаумен жүрген шы­­ғар... Демек, қоғамдық ғылым эт­­но­стардың пайда болу тарихын нақ­ты айта алмайды, сөйтіп тарих бұрмаланады. Тарихты бұрмалау патшалық Ресей мен кеңестік дәуірде қат­ты жүр­гізілді. Әсіресе, түркі халық­та­ры­ның тарихын славян жұртынан тө­мен етіп көрсету, мәдениетсіз, шық­қан тегі күмәнді жабайы деп ба­ға беру жалпыласты. Тіпті, 1986 жы­лы Алматыда болған Желтоқсан оқи­ғасын бас хатшы Горбачев «тү­зем­діктердің көтерілісі» деген жоқ па?! Қысқасы, бізге күні кешеге дейін осы бұрмаланған тарих оқы­ты­лып келді. 

– Түсінікті. Бұрмаланған та­­рих­ты қалай қалпына кел­ті­ре­міз?

– Бұрмаланған тарихты қал­пы­на келтіру үшін бұл­жыт­пай­тын ғылыми дәлел-дәйек керек. Оны атқаратын физикалық антро­по­ло­гиялық зерттеулер. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен адам ретінде орыс тілінде «Қазақ халқы және оның шығу тегі» дейтін көлемді кітап жазып шықтым. Ол әлі жарық көрген жоқ. Қолжазба күйінде қолымда тұр. 

– Бұл еңбегіңізде қазаққа қа­тыс­ты қандай жаңа зерттеулер бар? 

– Бұл еңбекте қазақ этносына қа­тысты оның бет-бейнесі, қан жүйе­сі, тіс құрылысы, сезімі, тері бе­дерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ жыл жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің нәтижесі топтастырылған. Яғни, қазақ хал­қы Еуразия құрлығында өзі­мен бірге тұрып жатқан жүз­де­ген этностық топтармен салыс­ты­рылып, толық зерттелді. Нә­ти­жесінде, қазақ халқы ешкімге ұқ­са­майтын жеке-дара, құдай ай­рықша бөлек етіп жаратқан өзін­дік морфофизиологиялық анық­тамалары мен антро­по­ло­гиялық мәртебесі бар этнос еке­ні дәлелденді. Осы зерттеудің ар­қа­сында қазақтың биологиялық, ант­ро­пологиялық тарихы жаңадан жа­зылып, ешкімге ұқсамайтын жеке-дара этнос ретінде осыдан 40 ғасыр бұрын пайда болғандығы толық дәлелденді. 

– Салыстырмалы зерттеудің бас­­ты мақсаты қазақтың еш­кім­­ге ұқсамайтын жеке-дара эт­нос екенін дәлелдеу болып отыр ғой...

– Дәл айттыңыз. Антропология – әлемдегі халықтардың шы­ғу тегін зерттейтін жалғыз ғы­лым. Бұл ғылым – адамның мор­фологиялық, генетикалық де­рек­теріне қатысты тек дәлелді әң­гіме қозғайды. Осы орайда, біз қа­зақтың күллі Еуразияны мекендеп отырған басқа халықтардан қан­дай айырмашылығы бар, осыны ажы­ратуға ниет қойдық. Мысалы, бұ­дан 5-7 мың жыл бұрын қазіргі Қа­зақстан жерін мекендеген аталарымыз көне европоид типтес болған. Ол қазіргі орыстар немесе басқа да славян тектестер емес. Қазіргі қазақтарда ежелгі европоид аталарымыздың үлесі – қан құрамында, бет-әлпетінде, алақан тері бедерлері, тіс морфологиясы сияқты пропорцияларында және биологиялық, морфологиялық, физиологиялық гендерінің үш­тен бі­рінде сақтаулы. Осының арқа­сын­да қазақ айналасында өмір сү­ріп жатқан топтардың бірде-біреуіне қосылмайтын даралығын сақтап келген. 

– Мұны қалай дәлелдедіңіздер? 

– Әуелі қазақтың тіс құры­лы­сы­на арнайы зерттеу жүргіздік. Тұ­рақты тістерде халықтың мор­фо­ло­гиялық заңдылығы мен кәдімгі та­рихы сақталады. Бұл ғылым саласында әлдеқашан дәлелденген дүние. Сөйтіп, қазақ халқының тіс құрылысы жағынан еуразиялық этностардың ешқайсына ұқса­май­тын одонтологиялық ерекшелігі ба­рын анықтадық. Өткен 40 ға­сыр­­да қазақтың морфологиялық тіс құрылымына енген өзгешелік – астыңғы бірінші азу тіс 60 пай­ыз­ға өзгерсе, екінші азу тіс 7-8 пай­ыз­ға ғана өзгерген. Бұл зерттеуге 12-17 жас аралығындағы 7 мың жас­өс­пі­рім қатысты. Келесі зерттеу объектісі қан жүйе­­леріне қатысты айтар болсақ: әлем­дегі бүгінгі адам баласының қа­ны 30 түрлі жүйеден тұрады. Ме­дицина осылардан 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші дейтін төрт жүйесін ғана кә­деге жаратып жүр. Қан жүйесінің бас­қа зерттеулерден ерекшелігі, ғы­лыми сараптамалық есептерді жыл­дам шығарып алуға қолайлы. Өз басым 40 мыңнан астам қан жүйесін жинап, оны итальян ғалымдарымен бірлесіп зерттедім. Бұған барлық өлкенің қазақтары қамтылды. Бұдан байқағаным – қазақтың қанында өлкелік немесе ру-жүздік ешқандай айырмашылық жоқ. Бір қызығы, дүние жүзінде қа­заққа қан жүйесі жағынан ең жа­қын халық қалмақтар болып шықты.  Сол сияқты қазақ халқын өңір­лік-жерлік-мекендік тұрғыдан гео­гра­фиялық бес аймаққа және жүздік-ру­лық құрамға бөліп олардың бет-әлпетіне арна­йы есептік форму­ла арқылы ан­тро­по­логиялық зерттеу жүргіздік. Нәти­же­сінде, барлық қазақ бір тектен, бір саптан тараған түп атасы бір ха­лық екені дәлелденді. Әлемде бет әл­петі жағынан қазаққа ең жақын ха­лық – қырғыздар екен. Екінші орында алтайлықтар тұр. 

– Сонда жүздік-рулық құры­лым­дардың қазаққа туыстық не­месе гендік ешқандай қатысы жоқ болғаны ма?

– Туыстық қатысы болуы мүм­кін, қандық-тектік қатысы жоқ. Ру-жүз дегеніміз – көшпенділердің ша­руа­шылық-тұрмыстық бөлінісі мен жау­ынгерлік-әскери одағы ғана. Одан кейін алақан тері бедерлері арқылы зерттеу жүргіздік. Әлемде 7 млрд адам бар. Осылардың ала­қан терілерінің бедері бір-біріне ұ­қ­с­амайды. Сол сияқты әрбір ха­лықтың өзіне тән басқа халықтан ажыратып тануға болатын алақан бедері болады. Бұл бір тылсымның ғаламаты.  Алақан тері бедерлері арқылы зерт­теудің тек мамандар ғана бі­летін есеп-қисаптары болады. Бұны да оңтүстік, солтүстік, шы­ғыс, батыс деп төрт өңірлік тип­ке бө­ліп қарастырдық. Яғни, Қазақ­стан­ның батысындағы қазақ пен шы­ғыс шетінде өмір сүріп жатқан қа­зақтың тері бедерлері 100 пайыз бір­дей. Бұл тағы да жүздік-рулық тұр­ғыдан зерттелді. Өз басым әлем­дегі барлық ұлттардың ішінен қа­зақтың алақан бедерін ажыратып тани аламын. 

– Қазақтың алақан тері беде­рі­нің басқа жұрттан негізгі айырмас­ы қандай?

– Қазақтың алақан тері бедері доғалы (аркус) стильге жатады. Екіншіден ілмек (петля) немесе орама (завиток) формалы болады. Осы формалардың саусақ іздерінде бедерленуі әр халықта әртүрлі. Одан кейін этностың біртектілігін зерттейтін дүние – дәм сезімі. «Фенилтио карбинит» дейтін арнайы ұнтақ бар. Оны суға араластырып, тілдің екінші жартысына тамызасыз. Кім қандай дәм сезінді, осы арқылы нәтиже анықталады. Дәм сезімі арқылы зерттеудің 14 тәсілі және осының ішінде эт­нос­тық-ұлттық ерекшелігін анық­­тайтын 7 және 8 нұсқалары ғылымға белгілі. 

– Сіз қазақтарды түркі ха­лық­тары ішіндегі «ортаңғы эт­нос» деген пікір айтыпсыз. Осы­ны тарқатып бере аласыз ба?

– Қазіргі таңда әлемде 100 миллиондаған түркі тұқымдастар бар. Осылардың барлығы дерлік өздерінің түп-тамырын бүгінгі қазақ даласымен байланыстырады. Расында солай. Өйткені, 7-8 ғасырда оғыз тайпалары қазақ даласынан қазіргі Түркия жеріне қоныс аударғаны туралы дерек бар. Осыдан кейін біз қазақ даласынан табылған 7-10 ғасырларға тән қаңқа сүйектерге зерттеу жүргізіп көрдік. Мынадай қорытынды шық­ты. Қазіргі қазақтардың антро­по­логиясының 50 пайызы ерте ға­с­ырларда қазақ даласында өмір сүр­ген көне еуропоидтардың үле­сін­де екен де, қалған 50 пайызы шы­ғыстан келіп кірмелік жасаған моңғолоид тектестердің үлесінде екен.  Сонымен қатар, екі мың жыл бұрынғы үйсін дәуірі мен одан да ілгеріде өмір сүрген сақтардың сүйек қаңқасына зерттеу жасап көрдім. Сақтардың қаңқасын зерттегенде: біздің дәуірге дейінгі бес мың жылдықта шығыстан ке­ліп қазақ даласына қоныстанған тай­па­лардың ізін аңғардық. Осы кірме тай­палардың үлесі қазіргі қазақтың бойында 15 пайызға тән екен. 

– Ал қалған 85 пайызы ше?

– Қалған 85 пайыз қола дәу­ірін­де қазақ жерін мекен еткен тай­па­лардың үлесі болып табылады жә­не бұл тайпада моңғолоидтық әсер жоққа тән, негізінен көне еуропоидтар. 

– Осы іспен айналыс­қа­ны­ңыз­ға қанша жыл болды?

– 50 жылдан астам ғұмырым кетті. Құдай маған жақсы ұстаз­дар жолықтырды. Олар: «Сен жер­гі­лік­ті мамансың, өз халқыңның ан­тро­пологиясын кешенді түрде зерт­те! Мұны білмейінше сендер өткен ғасырда нені жоғалтып, нені таптыңдар, соны білмей өтесіңдер, сонымен қатар морфологиялық және стоматологиялық әдіс ар­қы­лы қазіргі қазақты зертте! Әсі­ресе, көне қаңқалардың тісін зерт­теу­ді үйрен, әйтпесе этностың да­му үр­дісіндегі биологиялық заң­ды­лық­ты аңғара алмайсың. Одан кей­ін қан жүйесін зерттеуді үйрен», деп аманат айтты.

– Ұстаздар аманатын орын­да­ған боларсыз? 

– ­Әрине, ұстаздар аманатын орын­даймын деп қан жүйесін зерттеу үшін медицинаның төрт курсын бітірдім емес пе?! 

– Сіз өткен ғасырдың 50-ші жыл­дарының аяғында Қазақстан Ғы­лым академиясының басшысы Қаныш Сәтбаевтың тапсыр­ма­сымен қазақ даласында иесіз қал­ған қорымдарды қазып, қаң­қа сүйек жинадыңыз емес пе? 

– Қаныш ағамен кездесуімнің өзі тосыннан болды. 1958 жылы Мәскеудің аспирантурасына оқуға түстім. Мақсатым – Қазақстанның антропологиясын зерттеу. Мәскеу айтты «Қазақстанда бұл тақырып жабық, егер зерттегің келсе, Ресей ме, басқа бір шет елді таңда». Бірақ, мен ҚҒА стипендиясына оқып жүргендіктен, қалайда Қазақстанға қатысты тақырып таң­дауым керек-тін. Қазақстанда мен зерттейтіндей сүйек қоры жа­салмаған. Осы мәселе академик Қаныш Сәтбаевтың алдында талқыланды. Қанекең бұған дейін атымды да естімепті. Бірақ, менің антропологияға деген құштарлығымды бірден түсінді де, дереу сүйек қорын жасауға бұйрық берді. Мен іске кірістім. 

– Қаңқа сүйек жинауды қай өңірден бастадыңыз?

– Бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданы жерінен бастадым. Одан кейін Қарқаралы ма­ңын­дағы Қарасор көлінің жаға­сы мен Баянауылдың Қаратас деген же­рінде аштан өлген адамдарды көм­ген қолатты қаздым. 

– Қанша қаңқа сүйек жина­ды­ңыз?

– 185 бас сүйек жинадым. Бірақ осы сүйектерді сақтайтын жер, зерт­теу жүргізетін лаборатория, құ­рал-жабдық болмады. Міне, содан бері 60 жыл өтті, әлі жоқ. Ақыры жинаған қаңқа сүйектерді Кунсткамераға өткіздім. 

– Антрополог ретінде Ресей­де­гі барлық қаңқа сүйектер сақ­тал­ған музейлерді толық аралап көр­діңіз бе?

– Ресей бер жағы, АҚШ, Италия, Үндістан, Жапония, Қытай елдеріндегі сүйек қоры му­зей­лерін көрдім. Тек көріп қана қой­ған жоқпын, сол жерде отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздім. 

– Ресей музейлеріндегі қаңқа сүйектер арасынан Кенесары ханның басын көзіңіз шалып қалған жоқ па?

– Бұл жай үнемі назарымда болды. Бірақ біз Кене ханның бас сүйегіне қатысты көбінде аңыз-әпсана айтамыз. Ханның басын Омбыға апарыпты, кейін Эрмитажға тапсырыпты деген сияқты. Бұл туралы ешқандай құ­­жаттық дерек сақталмаған. Ма­ман ретінде айтарым: қыр­ғыз­дың Алмасайында ханның басы шабылды, ол атпен Омбыға жеткізілді-мыс. Бұл мүмкін емес. Өйткені, шабылған бас алып жү­руге келмейді. Тез сасиды. Оны та­сымалдамай тұрып ғылыми ме­то­­дологиялық шаралар жасалуы керек. Мысалы, басты әуелі ыстық құмға 35 см тереңдікке көміп қояды. Үш күннен соң екінші жерге ауыстырып көмеді. Осылай бастың терісі мен етін ағызады. Тазарған сүйекті арнайы ертіндімен жуады. Екінші тәсіл – басты арнайы тесік ыдысқа салып ыстық суға 4-5 сағат қайнатады. Шамалы уа­қыт өткеннен кейін бүтін ыдысқа са­лып тағы қайнатады. Терісі сыдырылған қаңқаны арнайы ерітіндіге малып, жолға дайындайды. Одан соң алып жүруге болады. Кенесарының шабылған басына осының бәрі жасалды деп ойлайсыз ба? Қысқасы, ханның басы Омбыға да жетпеген... 

– Елімізде антропологияны да­мыту үшін не істеу керек деп ой­лайсыз?

– Қазақ даласында өмір сүрген адамдардың сан ғасырлық сүйек қорын жасап, оны Ұлттық музейде тұрақты сақтау шарасын жедел қарастырмасақ, кеш болады. Мысалы, мен отандық антропология жайлы көптеген ғылыми еңбектер жаздым. Күндердің күнінде менің еңбегімді біреу көріп, «мынау антрополог Оразақ Смағұловтың еңбегі екен, енді мұның дәлелі сүйектерді көрейік», десе, көрсететін сынық қабырға жоқ. Сөйтіп, мен дәлел-дәйекті ауа­дан алған адам болып шығамын. Содан бір қу келеді де «қазақтарда Смағұлов жазғандай генетикалық тарих жоқ» демей ме?! Осылай болмас үшін Қазақстан жерінен табылған қаңқаларды қай ғасырға жататынын анықтап, уақыттық тізбе бойынша ұлттық музейге қою керек. Сүйек дәлелі өтірік айтуға келмейді. Сөйтіп, халқымыздың генетикалық, биологиялық тарихы түгенделеді. Елбасы айтып жүрген «Мәңгілік Ел» дегеніміз осы. Қазақтың тарихы оның бір тамшы қаны мен қаңқа сүйегінде сақтаулы. Мұндай әрі шын, әрі нақ, әрі ақиқат ақпаратты әлемнің ешбір архивінен таба алмайсыз. Сүйек арқылы адамның нәсілін және сол халықтың тек өзіне тән генетикалық ауру-сырқатын да анықтауға болады. Мысалы, еврей ауруымен тек еврей ғана ауырады. Амозанка тайпаларының ауруымен басқа халық ауырмайды. Біздегі күрделі мәселе инс­ти­тут-университеттерде антропо­логия оқытылмайды. Одан кей­ін аса бір құнды қаңқалар жеке адам­дар­дың қолында. Олар қаңқаның өзін, жоқ дегенде тісін шет елге контрабандалық жолмен сатып жіберіп жатыр. 

– Неге?

– Бұларға ақша керек. Ал шет­ел­діктерге қазақтың генети­ка­лық қо­рын біліп алу керек. Басқа-басқа, біздің ел шетке таза қан (живая кровь) сатуды бастады. Бір тамшы қанда күллі ұлттың генетикалық заңдылығы сақталады. Әлемде 4000-ға жуық этностық қауым болса, осылардың табиғи жаратылысында жазмыштан берілген кемшілігі болады. Осы кемшілікті дәл тапсаң, сол халықты 30 жыл­дың ішінде ақымақ-мәңгүрт қылып жі­бе­руге, 50 жылдан кейін жер бе­тінен жоқ қылып жіберуге бо­лады. Қазіргі құрлықаралық зы­мы­ран­дардың әскери құпиялығы адам­ның генетикалық кодының құ­пиясының қасында түкке тұр­майды. Осыны біздің қоғам тү­сін­бей отыр. Халықтың гендік қо­рын басқаның қолына беру – сол ха­лықты өлтірумен бірдей.

Әңгімелескен Бекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан»  газеті