11 қар, 2016 сағат 10:56

Қанат Ислам: Жетімдер үйінен бала асырап алуға ниеттімін

-  Атырау қаласындағы С.Қозыбаев атындағы балалар үйіне барғаннан кейін телефон арқылы ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен атақты кәсіпқой боксшы Қанат Ислам жетімдер санын азайту үшін өзі де бала асырап алуға ниетті екенін жеткізді.

«Әр қазақтың арманы - жетімдер үйінің азайып, тіпті елімізде жоғалуы. Ал жетімдер үйі қашан жабылады? Олар өз-өзінен жабылып қалмайды ғой? Жетімдер үйі - сондағы бүлдіршіндері асырап, бауырына басып, ата-ана қамқорлығын сыйлаған кезде жойылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де «қазақ ешқашан жетімін жылатпаған ел» деп, үнемі қайталап отырады. Сондықтан, болашақта мен де бала асырап алғым келеді, қазір соған ниеттімін», - деді Қ.Ислам.

Айта кетейік, С.Қозыбаев атындағы  балалар үйінде жүрген 38 бүлдіршін үшін Қанат Исламмен кездесу  бақыты бұйырды. Қанат Ислам балалар үйіне үлкен теледидар сыйлап, әрбір балаға жеке қолтаңбасын берді де суретке түсіп шықты.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда ғана Алматыда өткен бокс кешінде Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотейді жеңген болатын. Ол WBO тұжырымы бойынша  - құрлықаралық, IBO тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағын алды. Ол сондай-ақ WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғап қалды.