03 қыр, 2019 сағат 05:43

Калифорния жағалауында кеме суға батып кетті, 34 жолаушының тағдыры белгісіз

Калифорния штатына қарайтын Санта-Крус аралының солтүстік жағалауында Conception серуендеу кемесі суға батқан жерден тағы төрт адамның денесі табылды. Бұл туралы дүйсенбі күні CNN  телекомпаниясы Санта-Барбара округі полициясының басшысы Билл Браунға сілтеме жасап хабарлады.

Қазіргі уақытта  сегіз адамның мәйіті табылған.

Бұдан бұрын АҚШ Жағалау күзеті төрт адамның – екі ер адамның және екі әйелдің денесі табылғанын мәлімдеген болатын.

Америкалық БАҚ  ондаған адамның опат болғаны жайлы хабарлауда.

Бортында 34 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған кеме Санта-Крус аралынан небәрі 20 метрдей жерде өртеніп, суға батып кеткен. Жоғары палубада болған экипаждың бес мүшесі суға секіріп үлгерген. Оларды сол маңда өтіп бара жатқан өзге кеме шығарып алған. Ал 34 жолаушы палубаның астында орналасқан көрінеді.