02 қыр, 2016 сағат 20:10

Ислам Кәрімовтің дүние салғаны ресми хабарланды

"Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасы президент Ислам Кәрімовтің 2 қыркүйек күні сағат 20.15-те Ташкентте қайтыс болғанын хабарлады. Солайша оның денсаулығына қатысты бір аптаға жуық созылған алып-қашпа әңгімелерге тоқтау салатын ресми мәлімдеме жарияланды", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ислам Кәрімов 3 қыркүйек күні туған қаласы Самарқанда жерленбек. Мемлекеттік жерлеу комиссиясын премьер-министр Шавкат Мирзияев басқарады.

Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті, мемлекет қайраткері, Өзбекстан ғылым академиясының академигі, Өзбекстан Қаһарманы 1938 жылдың 30 қаңтарында Самарқанда дүниеге келген. 

Кеңес кезінде Өзбекстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған. Ал 1990 жылдың 24 наурызында Өзбекстан Ұлы Кеңесінің сессиясында Өзбекстан Президенті болып сайланып, конституцияға сәйкес Министр Кабинеті (Уәзірлер маккамасы) төрағасы қызметін қоса атқарды. Елді 1991 жылдан бастап, яғни тәуелсіздік алған сәттен басқарып келді. 

Еске салайық, 2 қыркүйекте Өзбекстан үкіметі ел президенті Ислам Кәрімовтің ауыр жағдайда жатқанын мәлімдеген болатын. 

Ұлт порталы