09 мам, 2024 сағат 13:50

Талдықорған авиабазасына Луганскийдің есімі берілді


Фото: Қорғаныс министрлігі


Талдықорған авиабазасына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Сергей Луганскийдің есімі берілді, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.


Луганский – аты аңызға айналған қазақстандық ұшқыш. II дүниежүзілік соғыс кезінде 270-ші жойғыш авиация полкінің эскадрилья командирі болған. Оған дейін 1939-1940 жылдардағы кеңес-фин соғысына да қатысты.

Танымал ұшқыш 390 рет аспанға көтеріліп, жаудың 37 ұшағын атып түсірген. Эскадрилья басшысы ретінде көптеген ірі әуе шайқастарына қатысты. Мәселен, Днепрді алар кезде кеңес әскеріне аспаннан қолдау жасады.


Айта кетері, II дүниежүзілік соғысқа қатысқан төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағы батыры атанды. Олардың ішінде Сергей Луганский де бар.