11 сәу, 2017 сағат 12:43

«Илья Ильиннің ізбасары» Бангокта әлем чемпионы атанды

Таиланд астанасы Бангокта өткен жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үш алтын, бір күміс және екі қола медаль еншіледі, - деп хабарлайды Baq.kz.

Қазақстан спортшылары арасынан алдымен 62 келіде сынға түскен Анатолий Савельев алтын медаль алды. Ол жұлқа көтеруде 127 келі, серпе көтеруде 184 келі зілтемірді көтерді. Қос жаттығу қорытындысы бойынша 16 жастағы Савельев 281 келіні бағындырды. Күмісті 276 келіні еңсерген қытайлық Юнбан Вей, қоланы 267 келімен нәтижемен индонезиялық Халим Сетиаван иеленді.

Анатолий Алматы облысының тумасы. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер.

Екінші алтынды 85 келіге дейін салмақта сынға түскен Артем Антропов еншіледі. Кейбір спорт мамандары бұл жігіттің болашақ «Илья Ильин» деген пікірлер айтуда. Ол өзіне берілген мүмкіндіктердің бәрін сәтті пайдаланды. Отандасымыз қос жаттығу қорытындысы бойынша 323 келіні көтерді. Екінші орын алған Польша атлеті 318 келі, үшінші орын алған ирандық спортшы 304 келіні көтерді. Жұлқа көтеруде қарсыласынан бес келі қалып қойған Артем, серпе көтеруде он келіге озып кетті.

Үшінші алтынды 75 келідегі Ольга Пастухова сыйлады. Ол жұлқада 91 келі, серпеде 120 келіні көтерді. Сөйтіп қоссайыстың қорытындысы бойынша 211 келімен топ жарды. Екінші орын алған өзбек спортшысы отандасымыздан 4 келіге қалып қойды. Осы салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық спортшы Мария Базаркина (83+105) 188 келімен алтыншы орыннан көрінді.

Қазақстан құрамасында үш алтын, бір күміс және екі қола медаль бар.