25 сәу, 2019 сағат 17:14

Илья Ильин Азия чемпионатында жүлдесіз қалды

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында бесінші орынды қанағат тұтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Илья Ильин 96 келі салмақта сынға түсті. Ол қоссайыстың қорытындысымен 345 келіні бағындырды. Нәтижесінде Илья бұл көрсеткішімен бесінші орыннан әріге аса алған жоқ.

Бұл салмақта алтынды Қытай спортшысы Тао Тиан (401 кг), күмісті Иран атлеті Сейедайоб Мусавижарахи (373 кг), қоланы оңтүстік кореялық Чжун Хун Хан (366 кг) иеленді.

Азия чемпионатында бұдан бұрын жігіттер арасында үш қазақстандық спортшы сайысқа түсті. Олардың арасынан Арли Чонтей (55 келі) мен Денис Уланов (81 келі) қола жүлдеге қол созды. Ал Фархад Харки (67 келі) алғашқы ондықты қорытындылады. 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов алған жарақатына байланысты жарысқа шықпады.

Әзірге қыздар арасында жүлдеге ешкім іліккен жоқ. Зульфия Чиншанло (55 келі) төртінші орынды қанағат тұтса, Карина Горичева (64 келі) бесінші орын алды. 

Нинбодағы жарыс - Ильиннің допинг допинг дауына кейінгі алғашқы жарысы. Ол Пекин және Лондон олимпиадаларында допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан шеттетілген. Спортшылардың жаза уақыты 2018 жылы жазда аяқталған. Ильин былтыр қарашада Ашғабатта өткен әлем чемпионатына, желтоқсанда Дохада өткен халықаралық турнирге қатысуы тиіс болған. Бірақ спортшы жарақатына байланысты екі жарысқа да қатыспады.