#
#
Сейсенбі 22/10/2019

«Ер Төстік» мультфильміндегі каннибализм: ертегі неге бұрмаланды?

  • 28.05.2019
  • 0
  • 9340

ХХІ ғасырда ата-ана үшін баласының көңілін аулау қолына смартфонды ұстатып, мультфильм қосып беруімен шектеліп жатыр. Арысын айтпаған кезде, қазақ қоғамында бұл жиі кездесетін фактор.

YouTube желісінде 333 315 жазылушысы бар «Anima Book» каналы тіркелген. Анығын айтқан кезде, отандық өнімдерді соның ішінде, қазақ ертегілерін анимациялап жүрген Артур және Игорь Краустардың жұмыстары жинақталған.

Отандық анимациялық фильмдерді, мультфильмдерді жандандыру мәселесі жыл сайын көтеріліп, нәтижесін молынан бермесе де, еңбек жасалып-ақ жатыр. Алайда, қазақ ертегілерін дәл бұлай бұрмалап бергенше, оқыта берген жөн секілді. Даудың басы қайдан шықты?

YouTube желісіне кіріп «іздеу» батырмасына «Ер Төстік» деп іздеу жасап қалсаңыз, ең бірінші тұрған Артур мен Игорь Круас жасаған мультфильмге тап боласыз. 2016 жылдың 28 ақпанында жүктелген бұл видеоны 2 034 028 (екі миллионнан астам) адам қарап үлгерген. Әрине, ертегіні үлкендер емес, балалар оқиды және көреді. Ендеше, бұл түсірілген ертегіні қазақ тілінде осынша адам көрді деген сөз.

«Azia animation» ұсынған ертегіні көріп шықтық. Сонымен, қалай басталды?

«Халық эпосының желісімен түсірілген анимациялық фильм» деп көрсетілген мультфильм біз білетін Ерназар байдың сегіз емес, алты баласы болған деп басталады. Ертегінің эпостағы негізгі үлгісінде: «Ерназар деген кісіп болыпты, Ерназардың өзі бай болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты. Ерназардың сегіз ұлы болыпты» деп жазылады. Ендеше, мультфильмдегі екі баласы қайда кетті?

Нумерология бойынша, кез келген аңыз не ертегідегі айтылатын сандардың өзіндік ерекшелігі бар. Қазақ «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп тегінен айтқан жоқ. Бұл санның ұлт үшін өзіндік қасиеті, танымы бар. Ал, мультфильмдегі алтыға келсек, бұл жалпы біз білетін еврейлер үшін қасиетті сандардың бірі, яғни, «Соломонның таңбасы».

Ертегі желісі бойынша Ерназардың сегіз ұлы жұт болып, ел малын алысқа, отарға айдап кеткен кезде солармен бірге жоғалады. Ал, мультфильмде Ерназар үлкен жиын жасап, алты баласының уәжін тыңдайды-мыс. Сондағы Ерназардың аузына салып берген сөз мынау: «Қыздың не керегі бар, олармен артық уақыт өткізгенне басқа ештеңеге де жарамайды». Қай қазақтың бабасы баласына «үйленбе, қыз жаман» деп еді. Қызға қырық үйден тиым салған ұлттың, қызға деген құрметі де болған. Тіпті тұрмыс құрмаған қыздың орны төрде болған. Одан бөлек қазақ ұлына он үш жас отау иесі деп, ерте үй болып, ұрпақ тәрбиелеуге шақырған. Ал біздің кейіпкер Ерназар шалдың мұнысы несі әлде авторлардың басқа бір ойлағаны бар ма?

Қазақ адамның етін жеген бе еді?

Біз оқып өскен «Ер Төстік» шаңырақтың күлдіреуішінде тұрған төстікті жеген анамыздың ішіне бітіп, батыр болып өсетін еді. Ал біздің аниматорлар қазақтың жабайылығын көрсеткісі келгендей, бұл ғана емес, тіпті каннибал қылып жеткізгісі келгені қалай?

Ерназар мен кемпірі қарны ашып, ақыры шал аңға шығады. Аң атып жолы болмаған соң, өрт шыққан мекенге барып, бесікте жатқан баланы көреді. Мына диалогта қараңыз:

-   О-о, балпанақтай, семіз екен өзі! Егер біле білсең, Ерназар ешқашан аңшылықтан құр қол қайтпаған.

Аңға шыққан адам аң атып алса бір жөн, адам аулап қайтыпты дегенді қай атамыздан естідік?!

Үйіне оралған Ерназар, кемпіріне баланы ұстатып жатып: «Бәйбіше, мә, ұста, мынадан маған жақсылап тамақ жасап берші» дейді. Сонда біздің эпосымыз тәрбиелік мәні бар, батырлықты емес, каннибализмді дәріптеген бе? Оны айтпаған күннің өзінде, бұл ертегіні білмейтін адам болса басқа әңгіме, халықтың жадында сақталған ұлттық кодымызды, ертегімізді бұлай бұрмалауға не себеп болды?

Бір жарым сағатқа созылған анимациялық бұл «Ертөстік» мульмфильмінің алғашқы 12 минутында адамның ақылы жетпейтін осындай бұрмалаулар бар. Ары қарай айтып қажеті жоқ та шығар.

Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының мақаласына бей-жай қарап отыр ма?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» мақалсында былай дейді: « ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».

Иә, ендеше, біздің «Ер Төстік» ертегіміз біздің ұлттық кодымыз ғой. Ұлттық кодтың жанданып, жаңғырғаны дұрыс делік, алайда жоқ жерден тұжырым жасап, қазақтың арғы бабасын адам жеуге тәрбиелейтіндей қандай күн туды? Басқасы басқа, ұрпақ тәрбиесінде анимациялық мультфильмдердің орны ерекше екенін ескерер болсақ, 2016 жылдан бері Мәдениет және спорт министрілігі бұл видеоны көрмеген бе, әлде мән бермеген бе?

Мәдениет дамып жатыр, жағдай жасалып жатыр дейміз, алайда, ертең ұрпағың: «Әке, атам адам етін жеген екен ғой» десе, кім жауап береді? Неге біз дәл осы бір құндылыққа негіз болған «Ер Төстік» ертегісін де сақтап қала алмадық...

Бұл қазақ халқының ертеден келе жатқан фольклорына жасалған қастандық деп түсінеміз. Айналып келген кезде, біздің елде анимациялық мультфильмдерді қарап, оларға баға беретін, сүзгіден өткізетін комиссияның жоқтығын, бар болған күннің өзінде салғырттық танытатынын көріп отырмыз.

Ертегіні бұрмалап қана қоймай, қазақтың арғы тегін адам етін жейтін құбыжыққа теңеп, өз идеологиясын жасап отырған бұл анимациялық мультфильм авторларының немесе жауапты министрліктің түсінік беруін талап етеміз. Бұл ғана емес, бұл мультфильмді Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша түсірілгенін ескерсек, бұл жауапсыз қалдыратын мәселе емес.

Марғұлан Ақан,

Bugin.kz

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар