11 шіл, 2017 сағат 08:43

Димаш орындаған кезекті саундтректің бейнебаяны шықты (видео)

Қытайдың Tencent видео-порталында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің «Moonlight Blade» атты онлайн-ойынына жазған саундтрегінің бейнебаяны жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Уақыт-теңіз» (时光•沧海) әнінің аранжировкасын «Жауыздық мекені» («Обитель зла»), «Титаник» және «Жұлдыздар шайқасы» («Звездные войны») голливуд фильмдерінің саундтрегін жазған музыканттар жасаған. Айта кетейік, «Moonlight Blade» -  қытайлық Tencent компаниясының 3D форматтағы онлайн интернет-ойыны. Ойын мазмұны қытайлық жазушы Сюн Яухуаның шығармалар желісінің төртінші бөлімі негізінде құралған. Онлайн-ойын 11 шілде күні түнгі сағат 12-де іске қосылды.

Еске сала кетейік, Димаш Қытайдағы «Singer 2017» байқауына қатысып, әлемдік танымалдылыққа ие болғаннан кейін, қытайлық «Battle of Memories» және голливудтық «Power Rangers» фильмдерінің саундтрегін орындаған болатын.