13 ақп, 2017 сағат 12:40

Димаш Құдайберген екінші айналымның қорытындысы бойынша - екінші орында

11 ақпан күні Қытайда өтіп жатқан «Singer - 2017» ән байқауының төртінші кезеңі эфирде көрсетіліп,  қазақстандық әнші Димаш Құдайберген үшінші орыннан көрінді.

Екінші айналымның екі жарыс күнінің (үшінші және төртінші кезең) қорытындысы бойынша, Димаш сәйкесінше 14,82% және 15,56% дауыстар жинап, қорытынды есепте 15,19% дауыспен екінші орынға орналасты. Осылайша ол келесі айналымға өтті.

Екінші айналымның қорытындысы:

1.    Тан Цзин (19%)

2.    Димаш Құдайбергенов (15,19%)

3.    «Lion» рок тобы (14,53%)

4.    Sandy Lam (14,09%)

5.    Чжао Лэй (13,01%)

6.    Чжан Цзе (12,28%)

7.    Ду Лиша (11,87%)

Айта кетейік, жерлесіміз бірінші кезеңде 27,00%, ал екінші кезеңде 24,36% дауыс жинап, бірінші айналымның қорытындысы бойынша 25,68% дауыспен бас жүлдені еншілеген болатын.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 5 айналымнан тұратын іріктеу кезеңінің әр айналымы екі кезеңді қамтиды, байқау жалпы он кезеңге бөлінген. Жобаның әр айналымының екі жарыс күнінен кейін жалпы қорытынды жарияланады. Төртінші кезеңде Ду Лиша ханым төртінші орынды иеленгенімен, қорытынды есеп бойынша жетінші орыннан көрініп, жарыс жолынан шығып қалды.

Димаш бесінші кезеңде америкалық әнші Питер Джин Эрнандестің (Бруно Марс) репертуарынан «Uptown Funk» әнін орындамақ.

ҚазАқпарат