20 шіл, 2018 сағат 19:03

Дима Биланның Астанадағы концерті кейінге қалдырылды

21-22 шілдеге жоспарланған ресейлік жұлдыздардың концерті Денис Теннің мезгілсіз қаза табуына байланысты кейінге қалдырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің мерт болуына байланысты жақындары мен туыстарына көңіл айтады. Осыған байланысты 21 шілдеге жоспарланған DJ Smash концерті болмайды. 22 шілдеге жоспарланған Дима Биланның коцерті 15 тамызға ауыстырылды», - деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі. 

Еске сала кетейік, Денис Тен 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан қаза тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, мейрамханадан шыққан спортшы Құрманғазы көшесіндегі автотұрақта тұрған көлігіне келе жатып, Лексустың айналарын ұрламақ болған қаскөйлерді көреді. Кейбір оқиға куәгерлерінің айтуынша, Денис ұрылардың соңынан қуып, тоқтатпақ болғанда, олар оның аяғына пышақ тығады. Пышақтың жүзі жамбас күретамырына тиген. Тен сол жерде есінен танады. Көп қан жоғалтқан спортшы ауруханаға түскеннен кейін екі сағаттан соң көз жұмды. 

Бүгін таңертең полиция күдіктілердің біреуін, Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясовты ұстайды. Кейін оның бұған дейін заңды бұзғаны анықталды. Ол былтыр мас күйінде рөлге отырғаны үшін үш жылға жүргізушы куәлігінен айырылған. Бұдан бөлек, өткен жылы ұрлық жасағаны үшін сотты болған, бірақ іс тараптар мәмілеге келген соң жабылған. Қиясов қылмыс жасағанын мойындады.
Екінші күдікті – 23 жастағы Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов бүгін кешке ұсталды.