20 шіл, 2018 сағат 10:57

Денис Теннің өліміне қатысты эксперименттік тергеу жүріп жатыр (Видео)

Алматы полициясы Олимпиада жүлдегері Денис Теннің өліміне қатысты күдіктімен тергеу экспериментін жүргізіп жатыр. Бұл туралы желіде бейнежазба тарап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 жасар Нұралы Қиясовты күндіз құқық қорғаушылар Құрманғазы мен Байсейітов қиылысына алып келді. Тергеушілер қылмыстық әрекеттің хронологиясын анықтауда. Тергеу экспериментінің барысы көп адамның назарын аудартып, тиым салынса да бейнежазбаға түсіргендер болды. Бейнероликте күдікті бетін жасырғаны байқалады.

Құқық қорғау органының қызметкерлері күдіктімен бірге Шевченко мен Назарбаев көшелерінің қиылысына дейін барды. Кейін оны көлікке отырғызып алып кетті.

Бұған дейін айтылғандай, ұсталған жігіт кінәсін мойындаған болатын.

Алматы полициясы Денис Теннің өліміне күдікті екінші адамды іздестіруді жалғастырып жатыр.

Ол болжам бойынша Қызылорда облысының тумасы, 24 жастағы Арман Құдайбергенов.