30 қар, 2018 сағат 16:48

«Бозоқ» музей-қорығына Елбасы мақаласы ерекше дем береді

«Бозоқ тарихи-мәдени музей-қорығында» ғалымдар жиналып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылады.

Дөңгелек үстелді ашқан музей директорының міндетін атқарушы Әлішер Беспалинов Президент мақаласының археологтар мен этнологтар үшін үлкен мүмкіндік туғызып отырғанын айта кетті. «21 қарашада жарияланған Елбасы мақаласы жаңа ашылып жатқан «Бозоқ» музейіне үлкен көмек болды. 22 қарашада Мәдениет және спорт министрілігі алқасында мақалаға байланысты үлкен жиналыс өтті. Мақаланың баптарында тарихты түгендеу мен музей ісін жандандыру туралы көп дүние айтылған. Дүниежүзімен бір сапта болу үшін дамуға қажетті нәрсе тарихи санамызды жаңғырту. Ғалымдар ретінде жасөпірімдерге болған тарихты нақты көрсете білуіміз керек», - деп атап өтті Әлішер Тілеуғазыұлы.

Дөңгелек үстел отырысына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің Мемлекеттік Тарих институты ғалымдары қатысты. Талқылауға қатысқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының доценттері, тарих ғылымдарының кандидаттары Зылиха Ибадуллаева мен Әсет Жанысов және Мемлекеттік тарих институты аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Ғаниева, «Бозоқ тарихи-мәдени музей-қорығы» директордың міндетін атқарушы Әлішер Беспалинов, ғылыми хатшысы Зүбәйда Сұрағановалардың ойлары бір жерден шығып, қатысушы ғалымдардың әрбірі Елбасы мақаласының дер кезінде шыққанын және актуалдылығын айрықшалап айтты.

Кемел Ақышев пен Марал Хабдулиннаның ғылыми мектебінің түлектері Айнагүл Сабитқызы Ғаниева мен Данияр Төлегенұлы Тілеуғабылов «Бозоқ» тарихи-мәдени ескерткішін зерттеуге белсене араласқан ғалымдар. Олар Президент мақаласындағы анықталған ұлттық археологиялық ғылымның перспективті міндеттерінде көрсетілгендей «Бозоқ» музейінің маңызды екенін атап өтті.

Айта кететін болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 наурыздағы № 150 қаулысы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып 2018 жылы 14 қыркүйекте құрылған. Қазіргі уақытта болашақта салынатын ашық аспан астындағы музей-қорықтың ғылыми дайындық жұмыстары жүрігізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының мақаласы жылқы мәдениетін қайта қалпына келтіру, ежелгі технологиялық дәстүрлердің үлгілері, салт-дәстүрлер мен ғұрыптық-рәсімдер туралы жаңа мұражай құрудың ең маңызды негіздері мен нұсқауларының бірі болды. Онда келушілерді толығымен Ұлы дала мәдениетін сезіндіру жоспарланып отыр.