18 қыр, 2019 сағат 18:52

Бокстан әлем чемпионаты: Қамшыбек Қоңқабаев та медальге таласады

Қазақстан боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Боксшымыз 91 келіден жоғары салмақта бүгін Нелви Тифакпен шеберлік байқасты.

Қамшыбек биылғы әлем чемпионатында бұған дейін бір ғана жекпе-жек өткізді. Жарыстың 1/8 финалында ол испаниялық Аюб Гадфадан басым түсті.

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада дүниеге келген. Бүгінгі күнге дейін 2017 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленсе, сол жылы Азия чемпионатында екінші орын алды.

Бұған дейін қазақстандық боксшылар қатарынан Сәкен Бибосынов (52 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) және Василий Левит (91 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) пен Абылайхан Жүсіпов (69 келі) жартылай финалға жолдама алған еді.

Ал Қайрат Ерәлиев алған жарақатына байланысты өзбек жігіті Миразизбек Мирзахалиловке жол берді.