18 қыр, 2019 сағат 15:42

Бокстан ӘЧ: Василий Левит те жүлдесіз қалмайтын болды

Екатеринбургте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Василий Левит жартылай финалға шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

В.Левит ширек финалда 91 келіге дейінгі салмақта иорданиялық Хуссейн Яшаишпен шаршы алаңда шеберлік байқасты.

Қос боксшы да барын салғанымен, Василий өзіне тән мәнермен, көбірек жұдырық жұмсады.

Төрешілер 4:1 есебімен жеңісті В.Левитке берді.

В.Левит биылғы әлем чемпионатында словакиялық Давид Михалек пен украиналық Марат Григорянды жеңген еді.

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері В.Левит дүниежүзілік додаға осымен үшінші рет қатысып отыр. 2009 жылы жүлдесіз оралса, 2017 жылы қола медальді қанағат тұтқан еді. Енді кемінде қола медаль қоржында.

Қалған төрт боксшымыз бүгін кешкі сессияда рингке шығады.