28 нау, 2020 сағат 14:55

БҚО-да 1,7 тоннадан астам балық тасымалдаған жүргізуші ұсталды

Батыс Қазақстан облысында 1,7 тоннадан астам балық алып келе жатқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға 27 наурыз күні Самара-Шымкент күре жолы бойында болды. 

Шамамен сағат 15.20-да Теректі ауданы Барбастау ауылы тұсында 1968 жылғы Б. деген азамат айдап келе жатқан «ГАЗель» автокөлігі тоқтатылды. 

Көлікті қараған кезде 35 қапқа салынған 1779 кг қара балық табылды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.