17 қаз, 2017 сағат 16:02

БҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Бүгін әкім Алтай Көлгінов облыс активіне әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары Ғабидолла Оспанқұловты таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің жаңа орынбасары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен  жəне  орталықтан өңірге ротация принципіне сәйкес тағайындалды.  


БҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Ғабидолла  Абдоллаұлы Оспанқұлов 36 жаста. Білімі жоғары. 2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін, 2007 жылы Қазақстан-Ресей университетін Астана қаласында бітірген.  


2015 жылы «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша Бирмингем университетінің (Ұлыбритания) магистр дәрежесін алды.

Еңбек жолын «Евразия Консалтинг» жеке компаниясында заңгер көмекшісі болып бастаған.

Бұдан кейін ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі; ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен байланыстар бөлімінің бас консультанты; ҚР Президенті Әкімшілігінінің Парламенттегі Президент өкілдігінің сектор меңгерушісі; Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары; Павлодар облысының білім беру саласында бақылау департаментінің директоры; ҚР Білім және ғылым министрлігінің Әкімшілік жұмыстар және жастар істері жөніндегі департаментінің директоры; ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар істері комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.


Бүгінге дейін ол ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры болып істеді.