04 мам, 2017 сағат 07:22

Бедеуді білгеннің күдеуді білмегені қалай?

Ұлы Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының аты мәшһүр «Әдебиет танытқышында» тіл туралы, лұғат мәселесі хақында айтылмаушы ма еді? Сонда ғой, ғалымның сөз тудырудың кірпіш қалаумен, шығарма жазудың үй тұрғызумен бірдей екенін тәптіштей баяндайтыны. Енді ойласаңыз, Алаштың ақберен, алып тұлғасының сол айтқаны ақиқаттан екен-ау дейсіз бүгінгі өңшең кірпіші дұрыс қаланбаған кетік сөйлемге қарныңыз аша-аша, өкпеңіз қазанның түбіне ұқсап қарая-қарая біткесін. Сірә, осы олқылықтың, сан соқтырар салғырттықтың зияны туралы меңзеді ме екен, ұлт ұстазы бір лепесінде: «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп ашынып айтады. Бұған шүбә жоқ. Өйткені, ол бүкіл Алаш зиалыларының үні-тұғын. Олар сөзді аман алып қалу сын сағатта ұлтты аман алып қалудың алғышарты екенін білді. Сол жолда күресті.  

Бұл күрес әлі жалғасуда. Нәтижесі де жоқ емес. Тәуелсіздік болып сөз, тарих болып көненің көзі оралды. Жұрттың көңілі енді жұғымды сөзге сусай бастады. Білмегенін білсем дейді, түсінбегенін түйсініп түйсем дейді. Мысалы, осыдан аз уақыт бұрын республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде ақын Ұларбек Нұрғалымның «Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?» атты мақаласы жарық көрді. Сол-ақ екен, біздің бұқаралық ақпарат құралдарының біразы сол материалды таласа-тармаса таратып, автордың мерейін бір тасытты дерсіз. Бұдан нені аңғарасыз? Біздіңше, бұл оқырманның, асырып айтқанда қалың қазақтың мәнді, мәйекті сөзді «тұтынуға» беттегені-тін. Яки, мұның мәні – өткенде бір мақаламызда тілге тиек еткеніміздей ұлттың  әуелгі болмысын ашу үшін сандаған сөздердің кодын табудың арпалысы, жанталасы. Өйткені сөз – тарих! 

Енді, орайы келгенде аталған мақаладағы бір мысалды осында тілге тиек ете кеткеніміз артық болмас. Онда арал сағалап, теңіз жағалап өскен жері тапшы жапондардың тілін сақтау үшін қыруар ақша шығындап күріш егетіні айтылады. Мұндайда сіз «күріш қайда, тіл қайда?» деп таңырқаған боларсыз. Асылы, мұның мәнісі былай делініпті: сол елдің тіл ғалымдары зерттей келе жапон тілінің 70– 80%-ы күрішпен байланысты болып шыққандықтан осындай қадамға барыпты. Егер жапондардың санасынан бұл сөздер беретін ұғымдар жоғалса, жапон ұлты да біржола жоғалмақ. 

Мұндайда, осы бір күншығыс елі сияқты гектарлап күріш екпесе де түгел сөзінің түбі төрт түлік малы мен көшпенді тұрмысына тірелетін қазақ үшін тілді сақтау – ұлттық болмысты қайта түлетудің таптырмас амалы екенін ұғынуы керек-ақ. Ол әрбір ұлтым деген азаматтың мәңгілік ақырласпайтын, түгесілмейтін борышы. Осы себепті де біз қазіргі тілдік қолданыста қате қолданылып жүрген біраз сөздің түпкі мағынасына үңіле кеткенді құп көрдік.   

Күні кеше әлеуметтік желіде бір әріптесіміздің: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген сөйлемдегі «Алқакөл» қандай көл? Әлде, «Алқакөл» бізге орыс тілінен енген әлгі бір жалаң пайымдағы «алкаголь» деген сөз бе?» деп түйткілді төте бағыттағаны бар-ды. Сосын ел пікіріне құлақ түрдік. Бірісі: «бұл шынымен орыстың «алкаголь» деген сөзінен шыққан-ау, ішіп-ішіп сұлап қалған» деп қарап отыр. Сол жазған «алкаголь» сөзінің арап пен ағылшын сөздік қолданысында да бар екенін біле ме екен, білсе оны көшпенді тарихына орынсыз тықпалағанда не ұтпақ? Әгәрәки, ұтары болмаса, атан  сөзге артылған баба тарихтың қазынасын бөтеннің қойнында келген «бөтелкеге» айырбастап не көрінді?

Оны айтам-ау, бұдан соң да бұған бола шыр-пыр болып, бір елі аузында бүтін сөздің обалы кетті-ау деп өкініп, опынып отырған тағы жан жоқ. Сөздің жүйесі мен киесіне де пысқырмайды. Өз алдына қалауынша бал ашып, қажетінше долбарлап байлам жасайды. Мәселен келесі біреуі: «Сұлама сөзіне қарағанда, Алқакөл кәдімгі көл болған-ау. Одан бері қанша заман өтті, ол көл, бәлкім, тартылып кеткен болар» деп доп-домалақ долбар жасайды. Әрі өз пікірін қызғыштай қорып, оңды-солды шашады кеп сөзді. Бұған қалай күйінбейсіз, күймейсіз?!    

Сонда «Алқакөл сұлама» сөзінің түпкі мәні не дейсіз ғой, Айталық. Негізсіз, дәлелсіз дәлдүріштік те емес. Сөз дейтін алып айдынның інжу-маржанын сүзіп, асылын тізіп берген «Сөз сандық» атты бірегей еңбек бар. Сол кітапта «алқа» сөзіне омырау, кеуде деп түсініктеме беріліп, жаңағы жұрт талқылаған «Алқакөл» сөзін «омырауы жасты» деген тіркеспен тәпсірлейді. Осы қисынмен келгенде, «Алқакөл сұлама» деген сөз – омырауы жасты болып сұлаған ана тағдырын, одан асып ұлт тағдырын суреттеп тұрған жоқ па? 

Міне, осындай тарихи шежірешілдігі басым, ұлттық колориті жоғары сөздердің көрінген «көсем ауыздардың» асыра сілтеуімен көп қасиетінен айырылып қалғанын несін жасырайық. Осындайда тағы Ахаң айтады: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын», – деп. Бақсаңыз, Алаш баспасөзінің атасы бұл жерде тілді жұмсай білу деп сөздің қисынын, қиуасын һәм миуасын тауып айтуды меңзеп отыр. Сөздің мәні мұнша биік болмаса, біздің қазақ «Тіземнен сүріндірсең сүріндір, тілімнен сүріндірме» деп тілек айтып, «өмірден көзім кетсе де сөзім кетпесін» деп сөзінің сөлдісін мирас етпес еді-ау, тәйірі?! Әңгіме қайда? Әңгіме тағы бүгінгі шұрық-шоқпыт тілімізде. 

Мәселенки, қазіргі күні кей журналистер қалпынан, салтынан жеріген қыздарды «Теріс жолға түскен арулар» деп айтуға әуес. Мүбәдә, олар осындағы «Ару» сөзінің келбетті, көркем деген мәніспен қатар «ардақты, қастерлі» деген мағынаны беретінін білсе: «Теріс жолға түскен ардақтылар» деп айтпас еді. Тіпті, бұл сөздің түпкі түсіндірмесін арнайы сөздіктен іздемей, этимологтарға жүгінбей-ақ бағамдауға болады. Айталық, қазақ ұғымы үшін киелі түлік «аруана» атауын қарастырсақ, қастерлі, ардақты ана дегенге саяды. Осы арада аруананың қасиетін біркісідей білетін қазақ бұл пікірге талас тудырмаса керек. Бұдан бөлек, адам о дүниелік болғанда жақындарының «марқұмды арулап қойдық» дейтіні бекер айтылады дейсіз бе? Я болмаса, адам аттарында жиі кездесетін «Аружан» сынды есімдер ше? Мұнда да ата-ананың баласын жұртына ардақты жан болса екен деген ізгі ниеті менмұндалап тұрмай ма?!

Бұдан кейінгі жазарман қауым жиі сүрінетін келесі бір сөз – «табын». Бұлардың бұйдалап үйреткен бейшара сөзіне зейін салсаң, қой мен жылқы, түйе де табында жайылып, табында өсетіндей. «Табындағы қой» не «жылқы табыны» дегенді де естімес құлақ естіп жауыр болғаны бар. Ал атам қазақтың сиырға «табын», қойға санына қарай «қора», «отар» деп, жылқыны да дәл солай саны бойынша «үйір», «қос» атағанын, ал түйенің шоғырын «келе» деп жүйелегенін бұлар қаперінде ұстанса, кәне?   

Ең өкініштісі сол, біз ұлттық менталитетімізге сай түзілген кей сөздерде өрескел қателіктерге барып жатқанымызды білмей келеміз. Сосын барып күлмекке жақсы бұралқы сөз бен қисық мәтіндер қаптайды кеп. Дәйек дейсіз бе? Әдетте, «бедеу» сөзі тек малға қаратыла айтылатын болса, оны біздің жазғыштар мен айтқыштар «бедеу ана» деп қойып қалатынын қайтесіз. Адамға қаратыла айтылатын «күдеу» деген сөз түстеріне кірсе, қанеки.

Сіз, бұрын «әлеңкі» деген сөзді естіп пе едіңіз? Бәлкім, мақаланың арасына тосын «әлеңкі» сөзі қосылып кетсе, көрші отардан бөтен қой қосылып кеткендей сөйлем ішінен іштей қуып шығуға әуреленетініңіз рас. Ал кейде осы түліктің ен-таңбасы кімдікі екен деп үңілетін кезіңіз болады ғой. Құдды сол қалыбыңызбен жаңағы «әлеңкі» сөзіне сіз де бір уақыт бажайлап, байыптай үңіліңізші: кәдімгі «жалын» сөзі ғой бұл. Сонда барып, «әлекедей жаланған» деген сөздің, шын мәнінде, «әлеңкідей  жаланған» тұлғасындағы сөз екенін байқайсыз. Енді «әлеңкідей жаланған жігіттер» десеңіз, тіркестің мәні түбегейлі ашыла кетеді. Ұтымды емес пе? 

Ұтымды дегеннен шығады. Біз бұл сөздің де әуелгі мағынасын ұмытуға таядық. Содан барып «ұтымды ойын болды», «ұтымды ән айтты», «ұтымды кеш» деген сынды телпегі теріс айналған сөзге бой үйреттік. Осындағы «ұтым» сөзінің түпкі мағынасы жөн, рет, ыңғай, қисын деген мағыналарға үндесетінін және ұмыттық. 

Ол ол ма, күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген «бейшара» сөзін бей+шара үлгісінде жасалынған сөз деп біліп, оның мәнін шарасыз, лажсыз деген мағыналарға жуықтатамыз. Сөйтеміз де досымыз бен жақынымызға, тіпті кішкентай балаларға да «ой, бейшара» деп айтуды әдетке айналдырғанбыз. Ал шын мәнінде осы бір мүсіркеу мәніндегі сөздің жетім мағынасын беретінін білсек, мүлде айтпаған болар ма едік, кім білсін?!

Қозыбай Құрман