18 қаз, 2019 сағат 11:07

Бас санитарлық дәрігер қызылшаның жаңа вирусынан сақтануға шақырды

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан аумағында қызылшаның екі серотипі анықталғанын жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің айтуына қарағанда, елімізде 20-29 жас аралығындағы ересектердің барлығына вакцинация жүргізіліп жатыр. Олардың көбіне бала кезде екпе жасалған. Сөзіне сенсек, мұндай қажеттілікке жуықта ғана шыққан серотиптер себеп болған.

«Қазақстан аумағында ешқашан кездеспеген «Дублин» және «Кабул» серотиптері анықталды. Біздің ағза ол вируспен бұрын ешқашан кездесіп көрмеген. Сондықтан, ағзамыз кей жағдайда қорғана алмай қалады. Сол себепті бәріне екпе жасатып жатырмыз. Екпе жасалғандардың көбі де ауырып қалып жатыр. Себебі бұл жаңа вирустар адамның иммунды қорғанысын бұзып кіреді. Сондықтан аталған жаста барлықтарыңызға екпе жасатуға шақырамыз», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бала кезде екпе жасалған адамдар мүлде егілмегендерге қарағанда көп ауырмайды.

«Алайда жұқтырудан сақтану үшін 30 жасқа дейін тағы бір вакцина алған абзал. Ең бірінші кезекте 20-30 жастағы әйелдердің вакцина алғаны жөн. Себебі, осы санатта ауырғандардың саны көп. Екіншіден, болашақта балалардың ауруын алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жандарбек Бекшин екпе жасалмаған бала балабақшаға кіргізілмейтінін мәлім еткен еді.