#
#
Сенбі 24/08/2019

Бас санитар: Біздің масалар ауру жұқтырмайды

  • 09.07.2019
  • 0
  • 381

«Біздің масалар ауру жұқтырмайды. Көп болса, аллергия туғызуы мүмкін». Орталық коммункациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласында биыл масалар шабуылы жиілеп кеткені туралы бірнеше сауал қойылған болатын. Бас санитар масамен күрес шаралары биылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен жергілікті әкімдіктердің міндетіне берілгенін атады.

«Қала күнінің алдында ғана елордада нөсер жауындар болғаны естеріңізде шығар. Сол жауынның салдарынан масалар ерекше қаптап тұр», - дейді Жандарбек Бекшин.

Ол сондай-ақ, масамен күресте дәрі шашумен шектелмей, жаңа тәсілдер іздеу қажеттігін де атады.

«Бір айта кететін дүние, біздің масалар ауру жұқтырмайды. Көп болса, аллергия туғызуы мүмкін. Ал тропикалық елдерде безбектер мен қызбалардың көбі осы масалардан жұғып жатады. Сондықтан шетелге барған кезде орналасқан үйіңіздің терезесінде шыбын-шіркейге қарсы тор құрылғанына көз жеткізу қажет. Сыртқа шыққан кезде ашық түсті киім киген дұрыс. Ондай киімнен денеге қандай жәндік қонғанын бірден аңғаруға болады», - дейді Жандарбек Бекшин.

Бас санитар биыл Қазақстанда кене қаупі жаз бойы сақталатынын да айтты.

«Биыл ел аумағында кенелердің белсенділігі жаз бойы сақталатын түрі бар. Жылда кенелер көктемнің соңғы айы мен жаздың бірінші айында ғана таралатын. Биыл жаз жаңбырлы болып тұр. Бұл олардың таралуына өте қолайлы. Сондықтан, биыл жаз бойы кене қаупі сақталады», - деді ол. 

Сондай-ақ, ол қазақстандық туристерге қай елдерге бару қауіпті екендігін айтты.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитар қазақстандық туристер үшін Батыс Африка елдеріне барудың тәуекелдері көп екенін ескертті.

«Ең бірінші мен отандық туристерге Мадагаскар мемлекетіне баруға кеңес бермес едім. Онда оба қатты таралып жатыр. Одан кейін Конго демократиялық мемлекетіне бармау керек. Эбола, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, сары қызба сияқты аурулар көп таралған. Батыс Африканың өзге де елдеріне барудан тартыну қажет. Бразилияда да денге, эбола, сары қызба індеттері тіркеліп жатыр. Әсіресе сары қызба жұқтыру қаупі жоғары. Дегенмен, инфекцияға бейім екі ел ретінде Мадагаскар мен Конго демократиялық мемлекетін атар едім», - деді Жандарбек Бешкин.

Оның айтуынша,  соңғы екі жылда Қазақстанға Тайланд, Үндістан, Сингапур және Вьетнам елдерінен Конго-қызбасының тасымалдануы 10 рет,  денге қызбасының тасымалдануы 9 рет тіркелген.

«ДДҰ аса қауіпті инфекциялар бойынша әлемде шиеленіскен жағдай сақталатынын айтып отыр. Былтыр 300 мың тырысқақ тіркеліп, 900 адам өлген. 200-ден астам күйдіргі, 500-ге жуық Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы,  200-ден астам сары қызба, 300 мыңға жуық денге қызбасы тіркелген», -деді комитет өкілі.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар