#
#
Жұма 18/01/2019

Баламмен сөйлескенде артында мылтығы бар адамдар тұрды – Сирияда ұлынан айырылған ана

  • 10.01.2019
  • 0
  • 799

Баласы Сирияда көз жұмған қарағандылық Ботагөз Мақатова баласының біреулерге алданып қалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ботагөз Мақатова баласы тірі кезінде онымен скайп арқылы сөйлескенін жеткізді.

«Ұлым менен кешірім сұраумен болды. Өзі де жағдайдың сол арнаға бұрылатынын білмеген ғой. Баламды еске алған сайын көзімнен жас, көңілімнен зар төгіледі. Әрине, туғандарын сол жақтан күтіп отырғандармен ұлымды да күтер едім... Алайда ол енді қайтып келмейді. Қазір келінім мен немерелерімді ғана тосып отырмын», - деді ол ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ұлы ол жаққа соғысуға бармаған.

«Оларға Ислам мемлекеті құрылатыны, бәрі де Шариғат заңымен реттелетіні туралы уәде берілген. Олар сол оймен кетіп қалды. Соғысуға бармаған. Барған кезінде қайда, не үшін тап болғанын бір-ақ білген. Әлбетте, өз отбасын да қорғау керек болды. Сол кезде бәлкім қолына қару алған да болар. Білместіктен, алданып кеткенін ескеру керек. 2012 жылы ұлым кеткен кезде 6 ай хабар болған жоқ. Баламмен сөйлескен кезімде ұлымның артында мылтығы бар адамдар тұрған. Одан кейін өздері үйренгесін бе, ақырындап, байланысқа шыға бастады. Әу баста сөйлесуге ешқандай мүмкіндік болмап еді. Немерелерімнің үлкені - бесте, кішісі - бір жарымда», - дейді ана.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ботагөз Мақатова өзінің 2012 жылы Сирияға кетіп қалған ұлы жайлы тереңірек айтып берген болатын. Қазір қаралы ана Сириядағы келіні мен немерелерін күтіп отыр.

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.

Сонымен бірге, бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев «Жусан» операциясынан кейін де қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды Отанына қайтару жұмыстары жалғасатынын мәлім еткен болатын.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар