28 мам, 2020 сағат 14:29

Б. Баймаханов: Президенттің денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерді қолдауы біздің жауапкершілігімізді арттыра түсті

«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші кеңесінде сөйлеген сөзіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерлердің еңбекақысын арттыруды, сондай-ақ дәрігердің қоғамдағы мәртебесін көтеру туралы айтып өтті. Мемлекет басшысының бұл шешімі – медицина саласындағы қызметкерлердің мемлекет тарапынан әрдайым қолдауға ие екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Президенттің осы тапсырмасы келешекке сенімізді нығайтып, кәсіби мамандығымызды дамытуға деген ұмтылысымызды күшейте түсті. Осы шешімдердің нәтижесінде медицина қызметкерінің имиджі көтеріліп, медицина саласында қызмет еткісі келетін жастардың қатары көбейе түсетіні айқын.

Дәрігер мамандығы – жауапты әрі күрделі міндет. Президенттің денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерді қолдауы біздің жауапкершілігімізді арттыра түсті. Біз де өз тарапымыздан халық денсаулығын сақтау жолында кәсіби мүмкіндіктерімізді жетілдіре түсуге бар күшімізді саламыз", - дейді ол.