03 мам, 2019 сағат 17:48

Азамат сөзінің шығу төркіні

                                     

Көп томдық түсіндірме сөздікте: ержеткен, отбасын, елін қорғайтын атқа мінген жігіт.  Азамат сөзі қазіргі тілдік қолданыста екі түрлі мағыналық қабат жүктеп қолданылады. Заң-сот жүйесінде, ресми іс-қағаздар тілдік стилінде терминдік атау ретінде (адамдардың барлығына бірдей: азамат, азматша) айтылады. Екіншісі, этнотанымдық, көркем стилде жеке сипатта ертеден келе жатқан экспрессивтік ұғым-мағынасында жұмсалады. Оны тарихи әдеби тілдің жолындағы стильдік қабаттардан  анықтаймыз.  

Азамат сөзінің ертедегі мағынасы «қару асып атқа мінетін ер адам, жасақшы» дегенді білдірген. Қазақтың көне эпос жырларында, хандық дәуір жыраулар тілінде семантикалық мазмұнын аша түсу үшін «жігіттер, шоралар, ер» синонимдерін қатар қолданады. Бергідегі Махамбет тілінде сол кезеңдегі оқиғаларға байланысты адамдардың әлеуметтік байланысын беруде «жолдастар, азамат» тізбегі сөздің семантикалық өзегін күшейту мақсатында қатар беріледі: «Қасыма ерген жолдастар, Жолдастарым мұңайма!». Азамат сөзінің негізгі мағынасын Ш. Уәлиханов «кәмлеттік жасқа жетіп, отбасы құрған адам» деп түсіндіреді. Бұның семантикалық тізбегі болып «жасақшы, еліне, отбасына қорған жауынгер» ұғымдары жалғаса алады. Осы пікірлерге сүйене отырып Р. Сыздық сөздің лексикалық мағынасын көрсетуде, «кәмлетке толып ержеткен адам, жігіт» және «белгілі бір мемлекетттің тең құқықты адамы» (ҚӘТС, 2006, 111) деген құқық саласында терминдік мағынадағы сөз болып танылады» дейді.

Азамат сөзінің жалпы лексикасы «тұлға» ұғымына саяды. Араб тілінде бұл сөз осы тұлғада қолданылып, «айбындылық, ұлылық» дегенді білдіреді екен. Демек, араб тілінен енген деген жорамал да жоқ емес. Бірақ, біз сөздің түркілік бастауларын көреміз.                                         

Тұлға сөзі халықаралық терминдік атау (жеке тұлға//индвид ˂ адам) болып та қолданылады. Тұлға сөзі семантикасын «адам» ұғымынан алатыны белгілі. «Азамат» сөзінің қазақ этнотанымында эффекті-экспрессивтік қабатты мағыналарға ие. Яғни, «ер жету, үлкен жігіт болу» одан ары өрістеу барысында «ел, халық сөзін ұстайтын басшы, ел қорғаны, халық тірегі» қатарларынан әрі қарай «отбасы, отағасы, үйдің үлкені, отбасының ұйытқысы» деген семантикалық қабаттарды түзеді. Барлығы жиылып келгенде бір ғана туыстық ұғымды танытатын «адам» сөзінің лексикалық-өзек ұйытқысына сыятын бір ғана вариант. Оны сөзді грамматика-лексикалық даму үрдісінен толық байқаймыз. «Азамат» тұлғасы көне «аса» және «ман» түбірлерінен бірігіп бірталай фономорфосемантикалық даму кезеңдерінен өткен. Сөз құрылысындағы элементтерді түбір тұрғысынан алу себебіміз, моносиллабтардың дербес мағынасы жоғарыда көрсеткен «азамат» сөзінің бүтін лексика-семантикасымен  сәйкес келеді. Түбірлер нақты тілдік факті ретінде әдеби тілдің бір кезеңдерінде актив қолданыста болған. Азамат сөзін реконструкциялауда осы типті түбірлерді жеке алып қараймыз. «Аса» түбірі көне жырларда жиі кездеседі. Қазақ тілінде аса жұрт, аса ру деген тіркестері бар. Мәселен, «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» лиро-эпостарында «Аса жұрттың елінде... Аса жұртқа барғанда...» деп келсе, Махамбетте: «Аламанға жол бердік, Аса жұртты меңгердік.». Ғалым  Р. Сыздық осындағы «аса» тұлғасының «туысқан жұрт, өз жұрты» деген мағынасын нақтылай келе, араб тілінің не түркі сөзіне жататындығын нақты айта алмайды [11, 242-243]. Сөздіктерде, аша (қазақша аса) сөзі көне түркі тілдерінде «туысқан» дегенді білдірген. «аса жұрт – туысқан адамдар, өз жұрты»(ДТС, 4 б). Түркітанушы К. К. Юдахин қырғыз тілінің солтүстік диалектісінде «туысқан адам, отбасы мүшесі» дегенді білдіретін араб тілінен енген сөз деп көрсетеді. Төл лексиконымызда ежелден бар «аса таяқ» деген тіркес, этномәдени таным бойынша құрметті, сыйлы адамдар, хандар ұстайтын құралдың атауы. Осындағы «аса» мен туысқандық мағына беретін лексикалық үлгілерін қарауымыз керек. Ол үшін тілдің этноқатпарларын негізге аламыз. VCV типті түбір сөздердің болмысы қазақ және барлық түркі тілінің төл танымына негізделген ұғым сөздер болып келеді: ана, апа, ене, аға, әке, сол сияқты «аса»(бұнда шырай мағынасы емес). Жоғарыда көрсетіліп өткен «аса» ұғымы стильдік қолданыстан емес, ол бағзыдан жеткен түсінік пен танымның тілдегі бейнесі. Оны тілдің даму үрдісіндегі фактілерден көреміз, ас ~ аса ~ асан // «ас» түбірінен өрбитін асқар, асқақ.

Бағзы түркілер «көк Тәңірге» табынған деп жатамыз, яғни аспанға. Сөздердің семантикасын салыстырсақ, аспан, асқар, асқақ, түбір негіз ас көне түркі тілінде «жоғары», «биік» деген ұғымды береді. Бұл түбірдің мифтік, тарихи дәйектемелері түркі, герман-скандинав тілдерінде де кездеседі. Асан – қазақ-түркі танымында «жерұйық іздеуші, даланың киесі». Ал, көне түркі танымындағы «көк бөрі» образын беретін ашина/асина антропонимінің түбірі де ас. Қазақ дәстүрінде ер адамды құрметтеп, төрге шығаратыны белгілі. Және туыстық ру-тайпа бөлінісі (ата) ер адаммен өлшенеді. Ал, осындағы көне ұғым мен дәстүрдің байланысын тексерсек, қазақ-түркіге ортақ Алып Ер Тоңа, Ер Шойын, Ер Шобан, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Қосай т.б эпостық антрпонимдердің барлығы «ер» сөзімен жазылады. Бұлар әуелгі «көк» танымдық комплексіне кіретін есімдер және жыр сюжеттерінде «Тәңірге, көкке» табынушылық сарындар бар. Жоғарыда атап өткен әдеби тіліміздегі аса сөзінің «жолдас, шора, жігіт» сөздерімен тіркесетінін байқадық. Яғни, көне «ас» түбірінің өзінде ер/еркек ұғымдарын танытатын мағыналық қабат болған деп топшылаймыз. «Азамат» сөзінің даму аспектісі ең алдымен осы ас ~ аса түбірлерінің семантикалық өзегінен өрістеген, оны ілкі түбір тұлғасының әуелгі ұғым-танымдық қырын жіті реконструкциялаудан анықтаймыз. Ас түбірінің аса болып дамуында бір-бірімен семантикалас екі мағыналық қатарды түзген. Бірі ер/еркек, ер жігіт, екіншісі оған тікелей өзектес «туған, туысқан» мағынасы.                                                         

Көне түркі тілінен бермен сақталған аса сөзіне ман түбірі жалғанғанда, «асаман» құрылымы күрделі лексика-грамматикалық даму жолдарынан өткен, аз+ам+ат//ас+ам+ан – бірыңғай VC типті түбірлер көне «а» формантынан. Алдыңғы тақырыптарымызда қозғаған «ан», «ас» түбір варианттары. Адам сөзі көне «ад» және «ам/ан» түбірлерінен жасалғанын айттық. Түбір дамуының екінші үрдісі қазіргідегідей толық морфтардың қалпына келтірілуі: аса+ман (дисиллаб) семантикасы туыстық қатынасты білдіретін (бір адамға қатысты): «туысқан, туған». Семантикалық өрістеу барысында мағына жалпыдан жекеге қарай «туысқаным, жақыным, (отбасының мүшесі)», көшпелілік-жаугершілік жағдайында «елдің, халықтың қорғаны, отбасының тірегі» ұғымдарын өне бойына жинақтаған.                                 

Аса түбірі дербес дамуындағы фонетикалық сәйкестікті з/с > аса/аза – мұнда «аза» варианты. Аза 1. Өлім жітімге байланысты қайғы-қасірет, мұң шер. 2. Кісі өлген үйге туған-туыс, жекжат-жұрағаттарының малдай не заттай, ақшадай алып баратын көмегі. Яғни, аса түбірінің фонетикалық варианты «аза» сөзі де туысқандық, жақындыққа байланысты үрдіс-ғұрып семантикасын береді екен. Жаугершілік заманындағы ауылын, елін қорғаған батыры, ері соғыста мерт болып соған ел болып жоқтау айтып, аза білдіруі осындай әдет-ғұрыптық танымнан тілде фонетикалық айырма болып шыққан болуы мүмкін. Мәселен, ондай факт көне түркілердің «Алып Ер Тоңаны жоқтау» жырынан аңғаруға болады.                    

Аса – сын есімнің шырайы: аса үлкен//асқар. Синкретті түбір қатарына жатады. «Асаман//Азаман тұлғасының фонетикалық даму жолындағы семантикалық қабатына «көптік» мән үстелген. Көрсеткеніміздей көшпелілік-жаугершілік жағдайында қайтыс болған еріне ел болып, халық болып аза тұтады. Аза/қаза осыдан шыққан. Азаман > Азамат, н ~ т сәйкестігінің аз ғана айырмашылы «н» – жеке адамға қатысты мағынаны, яғни бір адамға қатысты туысқандық мәнін берсе, «т» форманты Б. Сағындықұлының негіздеуі бойынша «көптік» ұғымды берген [19, 163]. Дербес тұрғандағы ман тұлғасының бір адамға қатысты ұғымды береді, ал ауслауттың көне түркілік т формантына құбылуы көпше мағынаға жылжытады. Бұндай форма көне түркі тілінде ертеден бар. Енді, «азамат» сөзінің тұлғасы тек «аза» фонетикалық вариантындағы «мерт болу, қаза табу» семантикасынан шығарғанымыз әбестік болар. «ман» сөзі қырғыз тілінде жеке тұрып «жан, тіршілік» деген мағынада, мысалы, қос сөз құрылысында: жаны-маны калбад. Түбір тұлғалары ұзақ даму барысында осы қалыбына көне түбір, кейінгі түбір күйі, морфемалық формасы, жаңа семантикалық қасиетімен, түгелімен біртұтастану үдерісінен өткен.                                   

Қортындылай келгенде, «азамат» сөзінің этимологиялық даму үрдісін әлі де қарастыру керек. Лексикалық даму кезеңдерін бағдарлап, түбір, морфтық жетілу сатыларын анық көре алған жағдай да ғана шындыққа жете көретініміз кәміл. Біздің қарастыруымыз соның алғы шарты ретінде түгелдей болжам болмаса да, дәлелді негіздерге сүйендік. Сөздің өне бойында –ман тұлғасы жатқандығы анық байқалады. Себебі сөздің бүтін лексикалық өзек семантикасы («адам, ˂ > тұлға, ˂ > кісі) соны танытып тұр. Тек кейінгі сөздің даму барысында өзгерістерге ұшырағандықтан, түбір тұлғаларын байқау қиынға соғады.

Ықылас ӘДІЛЕТ

Абай атындағы ҚазҰПУ студенті