06 нау, 2017 сағат 10:51

Әйелдер қандай гүлді жақсы көреді

Жыл сайын Қазақстанда, 8 наурыз - Әйелдер күні қарсаңында, сарапшылардың түрлі мәліметтері бойынша, ондаған миллион долларға гүл сатылады.

Дегенмен оның тек 30%-ы жергілікті гүлдер, қалған 70%-ы раушан, бақытгүл мен мамыргүлдер шетелден жеткізіледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Негізінен олар Эквадордан, Нидерландтан, Колумбиядан, Бельгиядан, Ресейден, Қытайдан және Өзбекстаннан әкелінеді. Бұрын нарықтағы гүлдердің басым бөлігі Эквадор мен Нидерланд елдерінен келген болса, қазір кәсіпкерлер Түркия, Италия, Ресей, Қытай, Израиль мен Колумбиядан жеткізуге тырысады. Бірақ Голландия гүлдеріне деген сұраныс азайған емес.

Айта кету керек, Голландия аукционында Еуропа, Африка және Латын Америкасы елдерінде өсірілген гүлдер сатылады. Интернеттің арқасында қазір көптеген тасымалдаушылар тікелей өндіруші-мемлекеттермен көбірек жұмыс жасауды қолға алған. Қазақстан қай елдерден гүл сатып алады? Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2016 жылғы импорт құрылымына қарайтын болсақ, Нидерланд пен Колумбия гүлдерінің үлесі басым. Эквадордан келетін гүлдердің көлемі күрт төмендеген. Егер 2015 жылы Қазақстан 924 мың долларға 132 тонна гүл жеткізген болса, 2016 жылы 348,9 мың долларға небәрі 36 тонна сатып алған. Көріп отырғанымыздай, жеткізу көлемі 4 есеге, ақшалай тұрғыда  3 есеге дейін төмендеген.

Голландия - раушан мен қызғалдақтар елі

Нарықта Голландиядан келген гүлдердің басым бөлігін раушангүл иеленеді деп есептеледі. Бірақ бұл жерде көпшілігі қателеседі. Мамыргүл - Голландиядан Қазақстанға келетін гүлдердің көшін бастап отыр. Тек 2015 жылдың өзінде Қазақстанға 3,4 млн. долларға 549,4 тонна мамыргүл әкелінген. Ал раушангүлдің небәрі 863,9 мың долларға 57,6 тоннасы келген. 2016 жылы 3,8 миллион долларға 652 тонна мамыргүл, 237,6 мың долларға 42,8 тонна раушангүл сатып алынған. 2016 жылы раушангүлдер негізінен Түркиядан жеткізіліп жатқандықтан, оның көлемі біраз төмендегені байқалып отыр. Былтыр Түркиядан 193,7 мың долларға 50,2 тонна раушангүл әкелінген.

Өзбекстаннан 145,6 мың долларға 57 тонна жеткізіліпті. 2015 жылы көрші елден 603,4 мың долларға 123,7 тонна раушангүл импортталған. Ал Түркиядан 10 мың долларға  100 келі әкелінген.

Мамыргүлдерге қатысты жағдай да осыған ұқсас. 2016 жылы ойда жоқта осы бағыттағы көшті Италия бастады. Бұл елден 164,8 тонна мамыргүл жеткізіліп, импорт көлемі 469,8 мың долларды құраған. Мысалы, 2015 жылы Италиядан 9,1 мың долларға 4,2 тонна әкелінген. Голландиялық гүлдердің ішінде лалагүлдің де үлесі басым. 2016 жылы ол елден 208,7 мың долларға 29,6 тонна лалагүл импортталған. 2015 жылы 286,1 мың долларға 40,9 тонна лалагүл жеткізілді.

Қазақстандық ер азаматтар 8 наурызда өз сүйіктілеріне қандай гүлдерді сыйлағанды жөн көреді?

Қазақстанда гүлдерді сатып алатын негізінен Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары, оларға сатылымның 70-80% тиесілі. Қазақстандық ер азаматтар гүлге келгенде ақша аямайды. Түрлі деректер бойынша, 8 наурыз қарсаңында ерлер он мыңдаған долларға сатып алуға дайын. 101 дана раушангүлге деген сұраныс әлі бәсеңсімеген, дейді Астанадағы кәсіпкер, гүл бизнесінде 5 жылдық тәжірибесі бар Руслан Салықов. Дегенмен гүл сыйлаудың өзге де түрлері шыққан.

"Егер бұрын ерлер 101 дана раушангүл сатып алуды жөн көрсе, қазір іші қымбат гүлмен толтырылған Мерседес-221 көлігімен келу сәнге айналды. Бір қызығы, салон ішінде де 221 раушангүл болады. Бұл "берекенің" символы іспеттес. Бірақ бұны тек бай адамдар істейді. Негізінен қарапайым азаматтар бұған көп ақша шығындамауды жөн көреді", - деді Салықов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның сөзінше, бұрын қазақстандықтар раушангүлге көп таңдау жасаса, соңғы жылдары орxидея мен голландиялық қызғалдақтарды көп сатып алуда.

"Бірнеше жыл бұрын ғашықтардың бірі өз сүйіктісіне 1 миллион дана қызыл раушан сыйлағаны туралы газет-журналдар жазғаны естеріңізде болар. Нақты Астанада немесе Алматыда ол туралы естімедім. Бірақ бізде ең көбі 1001 раушангүл сыйлаған ер азаматтар болды. Ол ең қымбат раушангүлдерді сыйлап, ғашығына сөз салған еді", - дейді кәсіпкер.