02 нау, 2018 сағат 18:07

Астаналық құрылысшылар өртке оранған пәтерден әйел мен үш баланы құтқарды

Астаналық құрылысшылар Жасұлан Байсейітов, Ақылбек Жақайымов, Руслан Беріков және Әділбек Дағыстан өртке оранған пәтерден әйел мен үш баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өрт жұма күні, 2 наурызда «Nova City» көпқабатты тұрғын үй кешенінің 7 қабатынан шыққан. Көршілес ғимаратты тұрғызып жатқан құрылысшылар төменгі пәтердің терезесі арқылы өрт шыққан пәтерге өрмелеген және балалар мен әйелді бір-біріне беру арқылы құтқарып қалған. Кейінірек келген өрт сөндірушілер пәтерден тағы бір қарт әжейді құтқарды.

«Түскі асымызды ішіп, жұмыс орнымызға бара жатқанбыз. Алғаш қара түтінді байқағанда, мән берген жоқпыз. Құрылыс жұмыстары шығар деп ойладық. Бірақ, әйелдің жанұшырған дауысын естіп, жетінші қабатқа көтерілдік. Есікті бұзып кіре алмаған соң, алтыншы қабатқа түстік. Алтыншы қабатта әлі ешкім тұрмайды, себебі жөндеу жұмыстары бітпеген. Осылайша, терезеден үш бала мен бір әйелді түсірдік», - деді монолитші Ақылбек Жақайымов.

Оның айтуынша, балалар шамамен 2, 8 және 9 жаста болған. Пәтердегі қарт әжейді құрылысшылар терезеден түсіруге жүрексінген.

«Төрт адамды құтқарған соң, түтіннен өзіміз де тұншыға бастадық. Әжейді терезенің алдына әкеліп, таза ауамен дем алуы үшін көтеріп тұрдық. Сол сәтте өрт сөндірушілер жетіп, бәрімізді шығарды», - дейді монтаждаушы Жасұлан Байсейітов.

Еске сала кетсек, өрт туралы хабар 14:19-да өрт байланысы орталық бекетіне келіп түскен. Өрт болған жерге 14:20-да 4 негізгі, 3 арнайы өрт көлігі және жеке құрамның 26 қызметкері жіберілген.