02 шіл, 2018 сағат 07:38

Астанаға шығармашылық үйі салынса...

Астанаға Қазақ өнеріне арналған қаламгерлер мен шығармашылық үйі салынса...

Ж.Тәшеновтың Сталиндік қызыл террордан жазықсыз жапа шеккендерді ақтау кезінде айрықша белсенділік танытқан репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның төрағалығына сайланып, Е.Бекмаханов, Қ.Мұхаметханов, Х. Есенжанов,З.Шашкин сынды қазақ ғалымдары мен ақын-жазушыларын сөзбұйдаға салмай, абақтыдан дереу шығаруда үлкен еңбек сіңіргені белгілі. Ол бастаған комиссия Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды халқымен қайта қауышқан арыстардың шығармаларын сол жылдарда өте сапалы етіп шығаруға айрықша күш салып, «алашордашыл», «ұлтшыл», деген айдар тағылғандардың бәрін ақтауға тырысқан еді. 

Осындай ел азаматы өзі қызметте тұрғанда алаш арыстырының жақындарына да көмек қолын аямады. «Халық жауы» жаласынан арылмаған Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиха анамызға Алматыдағы Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысында салынған үйден баспана бергені әлі де ел есінде.

1960 жылдары Министрлер кеңесіне төраға болып, қазіргі Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 121 пәтерлі үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізеді. Ол үйді осы күнге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Тәшеновтің үйі» деп айтады. Бұл үйде Илияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Кәукен Кенжетаев, Жамал Омарова, Шара Жиенқұлова сынды танымал тұлғалар тұрған.

Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталғаны тарихта жазылып қалды.

Елордасы Астанаға 20 жыл толды. Көркейді, өсті. Бірақ, әлі де ел руханиятына қажет атқарылар істер көп. 

Астанаға жан-жақтан келген өнер қайраткерлерінің жалпы жиыны 200 – ден асады. Олардың жартысынан көбі баспанамен қамтылған. Дегенмен де Елорда үшін Тәшенов сынды бір қазақ қайраткері шығып, тек қаламгерлер мен шығармашылық иелеріне арналған «Қазақ өнері» тұрғын үйі салынса құба-құп болар еді. Өнер адамдарының бірімен-бірі етене араласуына, шығармашылық қарым-қатынаста болуына үлкен ықпалы зор нағыз рухани жаңғыру нәтижесі көрінер еді.

Солай болып жатса, қазақ тарихына лайық құнды еңбектер, елеулі кино туындылары, сан қилы сурет өнері, т.б. өнер өрісі жарқырай түсері хақ. 

Өнер қашанда біріне-бірі тамызық, шырақ қой.

Алмахан Мұхаметқалиқызы