02 там, 2018 сағат 09:12

Астанада креативті гүлзарлар пайда болды

Астанада «Шабадандар саябағы» мен «Иллюзиялар гүлзары» салынды, деп хабарлайды Елорда Инфо.  

Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мамандары жаңа гүлзарлардың ерекшеліктері туралы айтып берді.

Креативті гүлзардың бірі Сарыарқа ауданында Біржан сал көшесі бойында мен Республика даңғылы мен Ы.Дүкенұлы көшесінің қиылысында орналасқан.


«Гүлзардың аумағы толығымен абаттандырылып, жарықтандырылды, спорттық және балалар алаңдары орнатылған. Сәулеттік кеңістік құрылымының арқасында әрбір гүлзардың өзіне тән қайталанбас стильге ие», - деді басқарманың маманы Ерасыл Сембаев.  

Республика даңғылы мен Ы.Дүкенұлы көшесінің қиылысында орналасқан шағын саябақ «Иллюзиялар гүлзары» деген атауға ие. Мұнда скейтдром, оптикалық иллюзияны жасау үшін қолданылатын қисық формадағы Эймс бөлмесі, сырғанақ төбешігі және балалар алаңы бар.


Ал Біржан сал көшесіндегі №5 тұрғын үйдің жанындағы гүлзар «Шабадандар бағы» деген атауға ие болды. Себебі, ол теміржол вокзалына жақын орналасқан. Бақ аумағында шабадан формасында жасалған кіші сәулет формалары орнатылған. Жоба авторлары балаларға арналған темір жолын салуды жоспарлаған. Ал құрылысшылар автордың ойын жүзеге асыру үшін арнайы темірден рельс жасады.

Басқарманың  табиғатты қорғау жобаларын басқару бөлімінің басшысы Азамат Жанатаевтың айтуынша, жаңа бақтың орнында бұрын апаттық жағдайдағы екі қабатты ескі үйлер болған.


«Жобалар креативті, белгілі тақырыпқа арналған. Бұл жердің құрылысы 2018 жылдың мамыр айында басталды. Вокзал маңындағы бақ вокзал түрінде жасалған. Гүлзарлар үлкен емес, Иллюзиялар гүлзары  - 2 765 шаршы метр, ал Шабадандар паркі 2 293 шаршы метр. Екі жобаның құны шамамен 130 млн теңге», - деді А.Жанатаев.

Бұдан бөлек, биыл қыркүйек айында Сарыарқа даңғылындағы 27 үйдің маңында «Тастар гүлзарының» құрылысы аяқталады.


Бақтың аумағы 2 304 шаршы метр. Құрылыс жобасының құны шамамен 55 млн теңге. Бұл аумақ түрлі көлемдегі үлкен тастармен безендіріледі. Транзиттік аймақ демалысқа арналған үш алаңға бөлінеді.

Бір жағында түрлі спорттық жабдықтары бар спорт алаңы, ортасында алып тастар  болады. Ал үшінші жағында тамақтану мен сауда павильондары болады деп жоспарланған.