25 мау, 2019 сағат 11:45

Арысқа көмектесуге санитарлық авиацияның 2 тікұшағы дайын

Денсаулық сақтау министрлігі Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін барлығын істеп жатқанын хабарлады, – деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

«Жамбыл және Қызылорда облыстарының тағы 12 жедел жәрдем тобы толық дайын. Сондай-ақ жаралы азаматтарға көмектесу үшін Алматы қаласынан екі медициналық бригада жіберілді. Оның құрамында - реаниматологтар, травматологтар, балалар реаниматологтары және нейрохирургтар бар. Қазіргі кезде барлық ауыр науқастарға консультациялық көмек көрсетіліп, олардың біреуіне осы жерде операция жасалды» деді ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында вице-министр қажет болған жағдайда, санитарлық авиацияның 2 тікұшағы дайын деді. Вице министрдің айтуынша, тікұшақтардың борты медициналық жабдықтармен және мобильді бригадалармен жабдықталған.