13 қыр, 2019 сағат 07:39

Анкарадағы Анадолы өркениеттер музейінде «Алтын адам» қойылған көрме ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Түркия Республикасының Анкара қаласында Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан әлемдік қауымдастықты өзіндік көшпелі өркениетімен және тарихымен ерекше қызықтырады. Қазіргі уақытта елімізде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарамаларының аясында мәдениет пен өнер саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі және бірегейі өздеріңіз куә болып отырған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі жүзеге асырып отырған бұл жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған Алтын адам Еуропа, Азия және өзге де жиырмаға жуық мемлекеттің назарына ұсынылмақ. Түркия Республикасының Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрменің мақсаты Еуразияның ұлы дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қалыптасқан тарихи-мәдени бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады», - деді шараның ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Фото ҚР Ұлттық музейінен

Фото ҚР Ұлттық музейінен

Сонымен қатар, А.Мұхамедиұлы көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Түркияның Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне, Халықаралық ТЮРКСОЙ ұжымына алғыс білдірді.

Шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Музейлер мен мәдени ескерткіштердің Бас директоры Гокхан Язгы, ТЮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты.

Фото ҚР Ұлттық музейінен

Фото ҚР Ұлттық музейінен

Аталған көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін жалғасады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 207 зат ұсынылды.