07 нау, 2019 сағат 11:10

"Ана жайлы аманат пен кешірім..."

Көктем айының алғашқы мерекесі 8 наурыз да есік қағып тұр. Осынау мерекеге орай ана туралы өлеңдер топтамасын ұсынамыз. Қабыл алыңыздар! 

Мама

Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.

Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.

Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!

Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.

Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.

Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.

Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!

Ақберен Елгезек

Ана жайлы ең жақсы сөз...

"Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді,
Ана жайлы...
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.

Ана жайлы - қара жердің төзгені,
Ана жайлы - уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты, 
Тауды,
Көлді,
Ай сəулесін,
Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені - 
Ана жайлы айтқан сөзі болады.

Ана жайлы - кең дүние - бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде - 
Ұлым, сенің есімің!..

Ерлан ЖҮНІС

***

Асыл ана! Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.

Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Он жылдық білімім де жетер еді.

Дүние шыр айналып шарайнадай,
Жолыма қала бердің қарай-қарай.
Қайырымсыз қалаға, мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!

Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым.
Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?

Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
...Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда,
Сені сағынып кетем, анашым!

Қалқаман Сарин

Ана

Ақылмын. Армын. Жүрекпін. Оймын.
Осының бәрін сезіну ғой – мұң.
Дауылдатса да, құйындатса да,
Мен Жерге мүлдем ренжуді қойдым.
Өйткені, онда сен барсың, Ана!

Қатігездіктен қаймыққан өрлік,
Балбал тастардан ойды ұққам сендік.
О, сені жылап тұрып та сүйем
Соры көп біздің бойлық пен ендік.
Өйткені, онда сен барсың, Ана!

Айдыным. Тауым. Орманым. Тасым.
Бәрі де –асыл, бәрі де – асыл.
Орнайды түбі бұл мекенге бақ
Солардың жасы құрғатылғасын.
Өйткені, онда сен барсың, Ана!

Қаптаса-дағы жер бетін қауіп,
Кетсе де барлық адамдық ауып.
Сонда да мына ғасырды тастап
Ешқайда менің кетпесім анық
Өйткені, мұнда сен барсың, Ана!

Мақпал Жұмабай

Апамның монологі

Құлыным-ау,
Тірісіңбе келші үйге.
Ұлан-асыр той боп жатыр көрші үйде.
Иір-қиыр жолдар жатыр жоғалып,
Қасірттей қара тау тұр мелшиген.

Сұрай-сұрай мен олардан жалыққам,
Құстың үні қуантпайды талыққан.
Көктем сайын көкке қарап жүруші ем,
«ШАҒАНҒОЛҒА» шашылғанда мамық таң.

Құстың үні қуантпайды аққулар,
Жылы жаққа жылжып кеткен ақ қыздар.
Қыз мінезді қыстың сайқал төсінде,
Алтай жайлы аңыз айтып жаттың ба?

Құлыным-ау,
Сағындым ғой,келші үйге,
Ұлан-асыр той боп жатыр көрші үйде,
Төмен қарап өтті әлсіз жымиып,
Бәлкім сол қыз сен сүйген.

Ол да аңсайды-ау,көргісі кеп көп ойлап,
Мен сияқты меңдеп жүрген о,бейбақ.
Күлдір-күлдір кісінейсің түсімде,
Бұлдыр-бұлдыр үнің жетер жел айдап.

Сен түсімде жанарыңа жас толып,
Жүресің ғой бір ақылсыз басқа еріп.
Қасиетті жерден көрем қайтейін,
Тұрсың удай мас болып.

Құлыным-ау,
Сен өмірге келгенде,
Әбілхаят ана сүтін емгенде,
Бойыңдағы билеп жүрген жындардан
Ал басқасын бергем мен.

Құлыным-ау,
Құлыным-ау,Құлыным,
Жақсылықтың жасап жүрмін ырымын.
Ертең тағы қарап тұрам жолдарға,
Көзін сығып күмілжиді бүгінім.

Ырысбек Дәбей