05 ақп, 2019 сағат 20:51

Алматылықтар Астанада көз жұмған 5 баланың рухына тағзым етті

Алматы жұртшылығы Астанада үйінде өртеніп кеткен 5 баланы еске алу үшін орталықтағы саябаққа жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бастаманы Фейсбукте көпбалалы аналардың бірі, белсенді блогер Ақмарал Басирова көтерген болатын.

Қала тұрғындары мен қонақтары 28 Панфиловшылар паркіндегі Мəңгілік алау маңына жиналды.


Қайғылы қаза қабырғасын қайыстырған жұртшылық үнсіз ғана алау басына келіп, гүл шоқтары мен ойыншықтар, шамдар қоя бастады.

Мұндай аза тұту шарасы еліміздің бірқатар қалаларында жүріп жатыр. 


Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары туған 5 қыз баланың денесі табылды.

Олардың ең кенжесі небәрі 11 айлық сәби еді. Қайғылы оқиға кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.

Бүгін 5 баланы елордалықтар ақтық сапарға шығарып салды.

Сондай-ақ, Елбасы өртте қаза болған балалардың отбасына көңіл айтты.