05 мау, 2020 сағат 10:36

Алматыдағы зообақтың қашан ашылатыны белгілі болды

Алматы зообағына келушілер ондағы жануарларды 6 маусымнан бастап көре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екі жарым ай бойы Алматы зообағы жабық болатын. Зообақ қызметкерлері жануарларды экстремалды режимде қоректендіріп, тазалап жұмыс істеді. Сондай-ақ, карантин жануарлар төлдейтін уақытқа тұспа-тұс келді. Тек осы аралықтың өзінде 70-ке жуық балапан шықты», - деді Алматы зообағының директоры Сейілхан Ақылбеков. 

Әсіресе, 8 жылдан бері ұрпақ өрбітпеген қозықұмай құсы биыл балапан шығарды. 

Айта кету керек, әлемде тұңғыш рет 1972 жылы Алматы зообағында қозықұмайдан балапан шыққан. 

Белгісіз себептерге байланысты бұл құс 8 жылдан бері балапан өрбітпеген. 

«Биыл ақпанның соңында екі балапан шықты. Тұяқтылар бөлімінде 3 бөкен, теңбіл бұғы, түйе, пони, карлик қойлар төлдеді. Алматы зообағы тарихында бірінші рет харза туды. Біз 3 күшік туды деп тұспалдап отырмыз. Қазір әзірге көрсетпейді. Кейінірек оларды тамашалайтын боламыз», - деді зообақ директоры. 

Былтыр туған Австралия есімді қабыланның күшігі де өсіп қалды. Джим есімді гиббон да 1 жасқа келді. 

Бұл ғажайыптардың барлығын 6 маусымда тамашалауға болады. Себебі, зообақ 2 ай үзілістен соң ашылады. 

Зообаққа кіреберісте дезинфекциялық дәліз орнатылған. Антисептиктер, санитайзерлер бар.