30 қар, 2017 сағат 12:35

Алматыда Кенесары хан, Шыңғыс Айтматов және Қадыр Мырза Әли көшелері пайда болды

Алматыда көшелерге Кенесары хан, Әзілхан Нұршайықов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Шыңғыс Айтматов, Герольд Бельгер, Талғат Бигелдинов, Ермек Серкебаев, Шәкен Ниязбеков сынды қазақ тарихы, әдебиеті, мәдениетімен байланысы бар танымал тұлғалардың есімдері беріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, мегаполисте 42 көшеге еліміздің дамуына үлес қосқан қайраткерлер есімі беріледі, қалғандары географиялық атауға, қазақстанның тарихы мен мәдениетіне, дәстүріне орай аталатын болады. 

«Ш.Айтматов, Г.Бельгер, Т.Бигелдинов, Е.Серкебаев, Қ.Кенжетаев, С.Калмыков, Қ.Мырза Әли, Алматы апортының «әкесі» атанған Е.Редько және басқалардың есімдерін алған көшелер пайда болады», делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салсақ, Алматыда бұрындары бірін-бірі қайталайтын 100 көше атауы өзгерген болатын. Қалаға қосылған елді мекендерді есептегенде мегаполисте Абай атында - 12. М. Әуезов атында - 3, Ж. Жабаев атында - 13, Құрманғазы атында - 6, Төле би атында - 5, Қазыбек би атында - 3, Әйтеке би атында - 3, Райымбек батыр атында - 8, Наурызбай батыр атында - 4, Қарасай батыр атында - 8, Байтұрсынов атында - 4, С. Сейфуллин атында - 5, Ә. Молдағұлова атында - 6, М. Мәметова атында 6 көше аталған екен.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша мемлекеттік органдар базада көше атауы өзгерген соң қажетті анықтамаларды электронды үкімет порталынын немесе ХҚКО-дан бірнеше минут ішінде ала алады. 

Еске салайық, бүгін, 30 қарашада Алматыдағы Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы болып өзгерді.